Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум ресми түрде өтті деп танылды — ОРК

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Референдум о строительстве АЭС
Референдум өтті деп танылу үшін сайлаушылардың 50%-ы дауыс беруге тиіс / Фото: Pexels

АЭС құрылысы бойынша референдумда қазақстандықтардың жартысынан көбі дауыс беріп үлгерді. Мұндай жағдайда заң бойынша «Референдум өтті» деп танылады. Бұл жайында Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина мәлім етті.

«Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңының 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналатындығын атап өткен жөн», — деді комиссия мүшесі.

Дауыс беру бойынша сағат 14.00-дегі жағдайды баяндаған комиссия өкілі жалпы халықтың 51,77%-ы АЭС құрылысы бойынша референдумда өз таңдауын жасағанын айтты. Яғни 6 339 425 азамат бюллетень алған.

Айта кетейік, бүгін, 6 қазанда Қазақстанда жалпыұлттық референдум өтіп жатыр. Елде 84 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6:00-де басталды. Референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады:

— Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?

Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:

— «Иә, келісемін» немесе «Жоқ, келіспеймін».

Таңғы сағат 9-да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумға келіп, өз таңдауын жасады. Президенттен журналистер халық АЭС құрылысын қолдаса, қай елдің салатынын сұрады. Мемлекет басшысы бұл бірден жауабын беретін оңай сұрақ еместігін атап өтті. Десе де өте озық технологияға ие компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажеттігін мәлім етті. 

Республикалық референдумда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та бой көрсетті. Ол «Астана опера» театрында орналасқан №256 учаскеге барып дауыс берді.

Дауыс беруден кейін экс-президент сайлау учаскесіне жиналған азаматтар мен журналистер алдында қысқаша сөз сөйледі.

«Қайырлы күн! Табысты болыңдар, бақытты болыңдар! Жақсы ма?» – деді де, Нұрсұлтан Назарбаев ешкімге қайырылмастан жүре берді.

Сондай-ақ оқыңыз