Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Уолл-стриттегі бұлыңғыр болжамдар, инвесторлар стратегиясын өзгертіп жатыр, Қытай акцияларына қатысты күмән күшейіп келеді

Wall Street
REUTERS/Carlo Allegri/File Photo

Корпоративтік инсайдерлер 2024 жылы АҚШ-тың қор нарығынан өсім күтпейді. Қытай акцияларына деген күмән күшейіп келеді. Қорғаныс секторларындағы инвестициялау моделі өзгерді. Осы және өзге де тақырыптар туралы демалыс күндеріне арналған шолудан оқыңыз.

S&P индексінің өсімі оң нәтиже көрсетпеуі мүмкін

АҚШ-тағы президенттік сайлау мен Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуі аясында инвесторлар тағы бір қауіпке тап болды. Бұл – үшінші тоқсанда америкалық корпорациялардың пайдасы төмен болуы мүмкін деген жаңалық деп хабарлады Bloomberg.

2024 жылы S&P 500 индексі 20%-ға өсіп, нарықтық капиталдандырылуына 8 трлн доллардан астам қосқан. Өсім негізінен ақша-несие саясатының жұмсаруы мен тұрақты табыс перспективаларына деген үмітке негізделген.

Алайда жағдай өзгеруі мүмкін. Себебі сарапшылар үшінші тоқсандағы нәтижелерге қатысты болжамдарын төмендетіп отыр. Bloomberg Intelligence мәліметтері бойынша, S&P 500 компаниялары өткен жылмен салыстырғанда тоқсандық пайданы 4,7%-ға арттырады. Бұл 12 шілдедегі 7,9% болжамынан төмен және төрт тоқсандағы ең әлсіз өсім болуы мүмкін.

«Бұл жолы табыс туралы есеп беру маусымы әдеттегіден маңыздырақ болады», – деп ескертті Trivariate Research негізін қалаушы Адам Паркер. Әсіресе, инвесторлар компания шығындарының егжей-тегжейін және геосаяси қауіп пен макроэкономикалық белгісіздікке байланысты сұраныстың бәсеңдегені туралы білгісі келеді.

Ірі компаниялардың есептері осы аптада жариялана бастайды.

Корпоративтік инсайдерлер 2024 жылы АҚШ-тың қор нарығынан өсім күтпейді

2024 жылдың алғашқы тоғыз айында S&P 500 1997 жылдан бергі ең жақсы көрсеткіш көрсетті. Дегенмен Уоррен Баффет, Джейми Даймон және Джефф Безос ескертулер жасап, нарықтық оптимизмді қолдамайтынын аңғартты деп жазды WSJ.

Топ-менеджерлер өз компанияларының акцияларын сатып алуға асықпайды. InsiderSentiment.com мәліметтері бойынша, шілде айында сауалнамаға қатысқан басшылардың тек 15,7%-ы осындай мәміле жасаған. Бұл соңғы он жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Тамызда бұл көрсеткіш 25,7%-ға дейін өскен, ал қыркүйекте 21,9%-ға дейін төмендеген. Бұл жылдық орташа көрсеткіштен (26,3%) әлдеқайда төмен.

Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway өзінің ақшалай позициясын ұлғайтып отыр. Amazon.com компаниясының басшысы Джефф Безос пен Meta Platforms компаниясының басшысы Марк Цукерберг секілді ірі технологиялық компаниялардың басшылары биыл өз компанияларының акцияларын миллиардтаған долларға сатқан.

«Инсайдерлік сауда – акциялардың болашақтағы кірістілігінің өте күшті көрсеткіші», – деп атап өтті Мичиган университеті Росс бизнес мектебінің профессоры Неджат Сейхун. – Мұндай мәмілелер санының орташа деңгейден төмен болуы болашақта акциялардың кірістілігі де орташа деңгейден төмен болатынын көрсетеді».

Корпоративтік инсайдерлер акция бағасының елеулі төмендеуін жиі тудыратын рецессияға алаңдаулы. АҚШ-тың экономикалық деректері жаман емес: инфляция баяулап, тұтынушылардың көңіл-күйі жақсарып келеді. Дегенмен инвесторларды жұмыссыздық деңгейінің өсуі алаңдатып отыр.

Қытай акцияларына қатысты күмән күшейіп келеді

Кейінгі екі аптада қытайлық акциялардың рекордтық өсуі байқалғанымен, көптеген стратег пен қор басқарушы, соның ішінде Invesco, JPMorgan Asset Management, HSBC Global Private Banking және Wealth, Nomura Holdings бұл үрдіске әлі де күмәнмен қарайды деп жазды Bloomberg. Олардың сарапшылары соңғы қалпына келуге күмәнмен қарап, Бейжің өз уәделерін нақты ақшамен қолдайды деп күтіп отыр.

Гонконгта тіркелген қытайлық акцияларды қамтитын Hang Seng China Enterprises индексі соңғы айда 30%-дан жоғары өсім көрсетті. Бұл Bloomberg бақылайтын 90-нан астам жаһандық индекстердің ішіндегі ең жақсы көрсеткіш. «Қайта бағалау және негізгі көрсеткіштерге оралу қаупі бар», – деп ескертті Invesco-ның Гонконг пен құрлықтық Қытайдағы бас инвестициялық директоры Рэймонд Ма.

Бейжің жариялаған ынталандыру шаралары пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі мен акциялардың өтімділігін қолдауға арналған миллиардтаған долларды қамтиды. Дегенмен, сарапшылар инвесторларды «жалған үміттерден» сақ болуға шақырады. JPMorgan Asset Management компаниясының Азия-Тынық мұхиты нарығы бойынша бас стратегы Тай Хуэй экономикалық белсенділік пен сенімділікті арттыру үшін қосымша саяси қадамдар қажет деп санайды.

«2015 жылы болған құлдырау қайталануы мүмкін», – деп жазды Тин Лу бастаған Nomura экономистері клиенттерге арналған жазбада.

Microsoft-тың жасанды интеллект жобасы инвесторларды алаңдатып қойды

Microsoft-тың негізсіз шығындары, қаржылық есептіліктегі өзгерістер және OpenAI-мен қарым-қатынасы инвесторларды алаңдатып отыр, деп жазды WSJ.

Microsoft жасанды интеллектті әзірлеу ісінде алғашқы компаниялардың бірі болды. Бұл инвесторларға үлкен пайда әкелді: 2023 жылы компания акциялары 57%-ға өсіп, 1999 жылдан бергі ең жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Дегенмен, кейінгі айларда ЖИ нарығындағы қарқын бәсеңдеді. Салдарынан Microsoft-тың өсу көрсеткіші басқа ірі капиталды технологиялық компаниялар мен S&P 500 көрсеткішінен айтарлықтай артта қалды.

Ресми түрде пессимизмге себеп жоқ: компанияның кірісі маусым айында аяқталған қаржылық жылда 245,1 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық және 2001 жылдан бергі рекордты көрсеткіш, деп хабарлады S&P Global Market Intelligence.

Дегенмен ЖИ жарысында көшбасшылықты сақтау компания үшін қымбатқа түсіп отыр. Microsoft-тың ЖИ-ге арналған капиталы 55,7 млрд долларға жетті. Visible Alpha бағалауы бойынша, Microsoft-тың жалпы капиталды шығындары биылғы қаржылық жылы кірістің 28%-ын, ал келесі жылы 27%-ын құрайды.

Сонымен қатар компания әлі күнге дейін ЖИ құралдарынан түсетін кірісін жариялаған жоқ. Morgan Stanley өкілі Кит Вайс «инвесторлардың шыдамы таусылып жатыр» деп ескертті. Ал DA Davidson компаниясының өкілі Джил Лурия Microsoft акцияларының рейтингін «Бейтарап» деңгейіне дейін төмендетуіне қатысты: «ЖИ секторындағы бәсекелестіктің артуы IT-алыптың бағасы төмендетуде», деді.

Алайда сарапшылардың шамамен 93%-ы Microsoft акцияларын сатып алу жақсы инвестиция деп санайды. Бұл инвесторлардың компанияға деген жоғары сенімін көрсетеді.

Уақытпен тексерілген инвестициялық модель өзгеріске ұшырады

Қай секторлар мен компаниялардың циклдік, ал қайсысының қорғаныс екенін анықтау әлдеқайда қиынға соқты, деп жазды WSJ. Қор нарығындағы ең танымал және қарапайым стратегиялардың бірі – экономика өркендеген кезде циклдік секторларды, ал құлдырау кезінде қорғаныс секторларын сатып алу болып саналады.

Алайда кейінгі жылдары ірі технологиялық компаниялардың өсу қарқыны әсерлі болғаны соншалық, тіпті электрэнергетика мен коммуналдық қызметтер сияқты басқа секторлар да осы раллиге қосылды. Нәтижесінде, экономикалық циклдерге негізделген инвестициялау стратегиялары тәуекелді бола бастады.

Goldman Sachs тәжірибесін зерттеген басылым оның стратегтері әрбір акцияның циклдік тиімділігін бағалауға тырысып, секторларды елемейтінін атап өтті. Қорғаныс позициясын алғысы келетін инвесторлар әлі де тұтыну саласындағы компанияларды сатып ала алады немесе жай ғана акцияларды қысқартып, қазынашылық облигацияларға басымдық бере алады деген қорытынды жасады.