Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компаниялардың үштігіне енетін «Алтыналмас» акционерлік қоғамы 2025 жылдан Ақбақай кен орнында алтын өндіруді арттыруға ниетті. Бұл туралы компанияның экологиялық порталға орналастырған хабарламасында жазылған.
Ақбақай кен орны – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында орналасқан. Ең жақын елдімекен – Ақбақай ауылы кен орнынан 1 шақырым жерде жатыр. 110 шақырым жерде Қияқты темір жол стансасы орналасқан. Кен орнының оңтүстік, оңтүстік-батыс жағынан «Мойынқұм-Бірлік» тас жолы өтеді.
Компания Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен 2023 жылдың 24 қазанында Ақбақай кен орнында алтын өндіру құқығына тау-кен лизингін алған. Тау-кен учаскесінің ауданы – 2618 шаршы км (261,8 га), тереңдігі – 795 метр.
Бұған дейінгі жоспар бойынша, 2025 жылы кен орнынан 500 мың тонна кен өндірілуі тиіс еді. Енді өндірілетін кен көлемі 306 мың тоннаға артып, 806 мың тоннаны құрамақ. Соның 500 мың тоннасы – жер астынан, 306 мың тоннасы жер үстінен, ашық әдіспен өндіріледі.
Ал 2026 жылы өндірілетін кен көлемі 819 мың тоннаға жеткізіледі. Бұл жылы да 500 мың тонна кен – жабық тәсілмен, ал қалғаны ашық тәсілмен өндіріледі. Компания 2027 жылы – 680 мың, 2028 жылы – 767 мың тонна алтын кенін өндіруге ниетті. Осылайша, компания ашық әдіспен кен өндіруді жолға қоюды жоспарлап отыр.
Өткен айда «Алтыналмастың» Жамбылдағы кен орнында тау жынысы құлап, жұмысшы үйінді астында қалған болатын.
Компанияның 2023 жылғы шоғырландырылған қаржы есебіне сүйенсек, акционерлік қоғам былтыр 79,6 млрд теңге жалпы табыс тапқан. Бұл 2022 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 42,2 пайызға кем. Алдыңғы жылы компаниялар тобы 113,2 млрд теңге таза табыс алған.
«Алтыналмастың» негізгі акционерлері: Gouden Reserves B.V. – 60%, Владимир Жұманбаев – 20% (2022 жылы 22 пайыз), Дияр Қанашев – 10,5%, Игорь Ветиул – 6,5%. Компанияның түпкілікті иесі және бақылаушы тарабы – Family Trust атынан әрекет ететін Trustee Pte Ltd компаниясы.