Қарағанды әуежайының иелері Ыстанбұл, Дубай, Бейжің мен Үрімжі қаласына ұшатын рейс ашу ойлары бар. Бұл туралы әуежайдың тең иесі Ерлан Оспанов блогер Ерлан Сәкеновке берген сұхбатында айтқан.
Қазіргі кезде Қарағанды әуежайынан Мәскеу мен Анталияға ұшуға мүмкіндік бар. Оның үстіне Түркияға ұшатын рейстер тұрақты емес. Ерлан Оспанов халықаралық жолаушылар тасымалын кеңейтуге қатысты нақты жоспар туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізген.
«Біздің осындай ниетіміз бар, нақты жоспар деп айтуға әлі ерте. Бұл тікелей бізге байланып тұрған мәселе емес. Халықаралық тасымалдаушылармен көп жұмыс істеуге тура келеді. Оларды бұл бағыттың тиімді екеніне сендіруі керек. Бұл біздің қолымыздан келеді деп үміттенем», – деді ол.
Сонымен бірге Оспанов Қарағанды әуежайының Астанаға жақын орналасуы әуе айлағында жүк тасымалы хабын дамытуға қолайлы екенін атап өткен.
«Тағы бір әлеуетті бағыт – Қарағанды әуежайын жүк хабы ретінде дамыту. Сондықтан қазір Қарағандыдан жолаушылар тасымалының дамуы жоспарымен қатар, жүк тасымалын дамытуға ден қойдық. Қазір Эквадор, Амстердам, Бельгия мен Қытайдан күн сайын дерлік ұшатын ұшақтар бар. Әзірге олар жанармай құюға тоқтайды. Біз жүк тасымалын дамыту бағытында жұмыс істейміз. Қазір біздің қоймалар толып қалды, сондықтан оларды кеңейту жолын қарастырып жатырмыз», – деді Оспанов.
Әуежайдың тең иесі әуежай жақын арада Кениядан жүк рейсін, сондай-ақ Қытайдан коммерциялық жүк рейсін қабылдай бастайтынын жеткізді.
Оспановтың айтуынша, әуежай иелері қазір үш бағытта жұмыс істеп жатыр: инфрақұрылымды дамыту, жеке базалық тасымалдаушыны іздеу және Jet-1 құятын жанармай құю кешенін салу. Келер жылы әуежай ғимаратында жөндеу жүргізу жоспарланған.
Биыл көктемде әуежай иесі ауысты. 30 мамырда Тимур Турлов Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайына иелік ететін компания – Sky Service акцияларының басым бөлігін сатып алғаны белгілі болды. Turlov Private Holding компаниясы әуежайдың 60% акциясына иелік етеді. Турлов Sky Holding капиталына кіргенге дейін компанияның 95%-ы Ерлан Оспановқа тиесілі болған. Қазір Оспанов – 35%, Айдан Ақанов 5% акциясына иелік етеді.
Инвесторлар Қарағандыдағы «Сарыарқа» әуежайына инвестиция салып, оның негізінде мультимодальды әуехаб құрылатынын хабарлады.