Жаңалықтар

Solidcore Resources Мәскеу биржасындағы акцияларын AIX-те орналастырылған бағалы қағаздарына толық алмастырды

Solidcore Resources p
Solidcore Resources Мәскеу қор биржасында орналастырылған акцияларын кері сатып алды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Solidcore Resources plc (бұрынғы Polymetal) компаниясы Мәскеу қор биржасында орналастырылған акцияларын Қазақстанның AIX қор биржасына шығарылған бағалы қағаздарына алмастыруды толық аяқтады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Компания есебі бойынша, санкцияға байланысты тыйым салынған 45 440 241 акцияны кері сатып алған. Бұл – айналымдағы бүкіл бағалы қағаздың 9,59%-ы.

Бағалы қағаздарын алмастырғаннан кейін де Solidcore дауыс беретін акцияларының саны өзгеріссіз қалды: номиналды құны 0,03 долларды құрайтын 473,6 млн акция.

Одан бөлек, компанияның иелігінде дауыс беру құқығы мен экономикалық құны жоқ 87 млн акция бар. Компания Ресейдің ұлттық депозитарийіне салынған санкция жеңілдетілген кезде, бұл акцияларынан бас тартпақшы. Осы уақытқа дейін бұл акциялар қоғамның қазынашылық шоттарында сақталып, қайта шығарылмайды.

4 қыркүйекте Solidcore Resources компаниясы Мәскеу биржасынан делистинг жасайтынын хабарлады. Компанияның Мәскеу биржасынан кетуі Solidcore Resources акцияларының AIX биржасындағы мәртебесіне әсер ертпейді. Компания Астана қор биржасы негізгі сауда алаңы болып қалатынын атап өтті.

Бұрынғы Polymetal 2023 жылы Ұлыбританияның Джерси аралынан АХҚО-ға көшкен болатын. Содан бері компания акциялары Мәскеу қор биржасы мен AIX-те саудаланып келген.

Биыл наурызда Polymetal ресейлік активтерін сатып, атауын Solidcore Resources plc деп өзгертті. Компанияның Ресейдегі 3,69 млрд долларға бағаланған активтерін «Мангазея Плюс» АҚ сатып алды. Содан бері компанияның Ресей Федерациясына қатысы жоқ. Оның ең ірі акционері – омандық Maaden International Investment компаниясы (23,9%).

Solidcore Resources plc  –  Қазақстандағы екінші ірі алтын өндіруші компания. Оның Қазақстанда  екі өндіріс орны бар. Олар  – Абай облысындағы Қызыл кеніші мен Қостанай облысындағы Варваринское кеніші.