Жаңалықтар

Жарқанаттан жұғатын Марбург вирусы: Қазақстанда карантин жариялана ма?

Марбург вирусы
Марбург вирусы: Қазақстанда карантин жариялана ма? / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Марбург вирусының алдын алу туралы ескерту жариялап, профилактикалық шаралар тізімін ұсынды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Марбург вирусының қаупі туралы ескерткеннен кейін, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық бақылауды күшейткен.

Марбург вирусы адамдарға жарқанаттардан жұғуы мүмкін. Қызу көтеріліп, тамақ пен іш ауырып, мұрын мен көз қанауы мүмкін. Ол тікелей байланыспен жұғады, яғни науқастың киімі немесе төсек орны секілді вирус сақталып тұруы мүмкін заттарды ұстағаннан да тарауы мүмкін. 

Вирусты бірден анықтау мүмкін емес, вирус жұқтырғаннан кейін, 2-21 күн аралығында алғашқы симптомдар пайда болады. Дерттің негізгі ошағы – Оңтүстік Африка елдері.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенованың айтуынша, әзірге әуежайлар бақылауға алынған. Мемлекеттік шекараларда санитариялық-карантиндік тексерулер жүріп жатыр.

Аурадан қалай сақтану керек?

Министрлік вирус тараған елдерге баратын қазақстандықтарға бірнеше ескерту шараларын жасады.

«1) жұқтырған адамдармен байланыста болудан аулақ болу;

2) Африка жунглиінде кездесетін жабайы жануарлардан сақ болу;

3) жергілікті жануарлардың нашар қуырылған етін жемеу;

4) мысырлық жарқанаттардың көп саны – вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары бар үңгірлер мен шахталарға бармау;

5) аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну;

6) жеке гигиена ережелерін сақтау», – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, жаз айларында Африка елдерінен келген тағы бір вирус туралы кең ақпарат тараған. Тіпті 5 тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуіне байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялаған. Дегенмен 15 қыркүйекте дертке қарсы вакцина мақұлданып, Африка елдеріне жіберілген.