«Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды облысындағы шахтасында 2 жұмысшы қайтыс болғаннан кейін, тергеу жұмыстары басталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
«Саяқ-3» шахтасында болған қайғылы оқиғаға байланысты полиция Қылмыстық кодекстің 277-бабы 2-бөлігі яғни адам өліміне алып келген тау-кен, құрылыс немесе өзге де жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзуға қатысты қылмыстық іс қозғады.
«Қазіргі уақытта полиция болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу жүргізуде», – делінген полиция хабарламасында.
Бұдан бөлек, еңбек инспекциясы департаменті де аталған іске қатысты тергеу жұмыстарын бастаған. Арнайы құрылған комиссия құрамына санитар-эпидемиология бақылау ұйымы, еңбек инспекциясы мен «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері енген.
7 қазанда қазақстандық миллиардерлер Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі «Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды облысындағы «Саяқ-3» шахтасында көміртегі газы бөлініп, эвакуация жасалып, екі жұмысшы қайтыс болған.