Ресей Бас прокуратурасы Ұлыбританияның Shell энергетикалық корпорациясының кейбір бөлімшелеріне қарсы сотқа шағым түсірді. Бұл туралы Мәскеу сотына түскен арызда жазылған.
Шағым Мәскеу төрелік сотына 2 қазанда келіп түскен. Зардап шегуші тарап ретінде «Газпром экспорт», Ресей Энергетика министрлігі, Сахалин облысының құқық қорғау органдары, «Сахалин Энерджи» компаниясы көрсетілген.
Істің нақты қандай мәселеге байланысты басталғаны туралы ақпарат жария болмаған.
Жауап беруші ретінде көрсетілген Shell Exploration and Production Services BV компаниясы Ресейде мұнай-газ кен орындарын барлау және игеру бойынша қызметін жүргізген. Shell Global Solutions International BV компаниясы мұнай өңдеу бойынша консультациялық қызметтер көрсеткен. Shell Sakhalin Holdings BV компаниясы Shell корпорациясының еншілес ұйымы ретінде Sakhalin Energy Investment Company компаниясының 27,5% иеленген. Бұл компания Ресейде «Сахалин-2» жобасының операторы болған.
Ресей Украинаға толыққанды басып кіргеннен кейін Shell корпорациясы «Сахалин-2» жобасынан бас тартқан. 2024 жылы наурызда жобадағы Shell корпорациясының үлесін ресейлік «Газпромның» еншілес компаниясы сатып алған.
Айта кетейік, Shell корпорациясы – Қазақстандағы ең ірі кен орындарының бірі Қашағанды игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) концорциум акционерлерінің бірі.
Бұған қоса, корпорация – Қазақстандағы тағы бір кен орны Қарашығанақтың операторы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының 29,25% үлесіне ие.