Антикор «Астана» футбол клубын сынға алды, бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Туризм және спорт министрлігі бірлесе отырып, спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдау қорытындысы отандық спорттың дамуына және әлемдік аренада жоғары нәтижелерге жетуге кедергі келтіретін жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетті.
Инфрақұрылымның жағдайы
Антикордың мәліметінше, спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына спорттық ұйымдар легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсаған.
Мысалы, 2023 жылы «Астана» ФК Қазақстандағы ең қымбат спорт клубы ретінде танылды, оның шығыны 2018-2023 жылдары 50 млрд теңгені құраған. Алайда осы уақытқа дейін клуб өз академиясы мен инфрақұрылымын салмаған. Клуб алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған.
Олимпиада ойындарына бөлінген қаржы
Қазақстанда соңғы алты жылда спорт саласына шамамен 1,4 трлн теңге бөлінген. Алдағы екі жылда тағы 1,3 трлн теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның спорт саласына құйылып жатқан қаражаттың Орта Азия елдерімен қатар Канада, Норвегия және Нидерланд сияқты алдыңғы қатарлы елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары екенін көрсетеді.
Алайда осындай қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиада ойындарында төмен нәтижелер көрсетіп келеді. Мысалы, 2020 жылғы жазғы олимпиада ойындарында 83-орын алса, 2022 жылы қысқы олимпиадада бірде-бір медаль ала алмады, ал 2024 жылы тек 43-орынға ие болды (1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль). Әлемдік спорт рейтингінде де Қазақстан төмендеп, 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалған.
Легионерлерге кетіп жатқан қаражат
Қазақстанның спортты дамыту саясаты отандық спортшыларды тиімді дайындауға емес, қысқа мерзімді нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Көптеген жағдайда шетелдік спортшыларды натурализациялау арқылы нәтижелерге жетуді көздейді. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берсе, олардың әрбір екіншісі кейіннен өз еліне қайтып кеткен.
Бұл өз таланттарын дамытуға емес, шетелдік спортшыларға қаржының жұмсалуын айқын көрсетеді.
Талдау нәтижесінде спорт саласын дамыту басымдықтарын қайта қарау, жаппай және балалар спортын қаржыландыруды арттыру, өз инфрақұрылымымызды дамыту және цифрландыруды енгізу ұсынылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін спортқа бөлінген ақша айналымын ашық көрсететін «Е-SPORT» цифрлық платформасы іске қосылатыны туралы жазған едік.