Жаңалықтар

Павлодар облысындағы өрт бір тәулікте екі есе – 6 мың гектарға дейін өсті

Павлодар облысындағы өрт 6 мың гектарға дейін жетті / Фото: kursiv.media архиві

Қарағанды облысынан Павлодар облысындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеріне жеткен қызыл жалын 6 мың гектар жерді шарпып өтті. Бұл туралы Павлодар облысының әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, өрт аумағы шамамен 6 мың гектар жер болған. Өрт сөндіру жұмыстары әлі де жүргізіліп отыр. Қатты соққан жел мен биік шөптер тілсіз жауды одан сайын өршітіп жіберген.

Өңір әкімі Асайын Байханов кеше түнде аймақтық жедел штабтың отырысына қатысты. Өртті ауыздықтауға 310 адам, 51 арнайы техника, 1 әуе кемесі және 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Жергілікті атқарушы органдар өрт сөндірушілерге қажетті тамақ пен арнайы техниканың жұмысына арналған отынмен қамтамасыз етіп отыр.

«Қазіргі уақытта Қарағанды және Павлодар облыстары, Астана қаласы ТЖД мен жергілікті атқарушы органдарынан, ТЖМ 52859 әскери бөлімінен, «Баянауыл» МҰТП 609 адам және 110 бірлік техника, «Қазавиақұтқару» АҚ мен ҚР Қорғаныс министрлігінен 4 әуе кемесі өртті жою жұмыстарына жұмылдырылды», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Сондай-ақ Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, әуе кемелері өрт ошақтарына жалпы көлемі 22 тонна су төкті.

Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде 33 жастағы өрт сөндіруші-құтқарушы Хали Хайрат қаза тапты.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 8 маусымда «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында үлкен өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді. Семей орманы» резерватында болған өртке екі адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды