Lifestyle

Үстел теннисінен Азия чемпионаты: қазақстандық спортшылардан кімдер қатысады?

Кирилл Герасименко, үстел теннисінен Азия чемпионатына кімдер қатысады? / Фото: олимпиада комитеті, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Астанада 7-13 қыркүйек аралығында алғаш рет үстел теннисінен Азия чемпионаты өтеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Қазақстан атынан кімдер шығады?

Министрліктің мәліметінше, чемпионатта барлығы 26 елден келген 210 спортшы бақ сынайды. Бахрейн, Гонконг, Үндістан, Иордания, Иран, Йемен, Катар, Қытай, Қытай Тайбэйі, КХДР, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив, Моңғолия, Непал, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сингапур, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Жапония және Қазақстаннан келген шеберлер медаль үшін сынға түседі.

Қазақстан құрамасын Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпиадаларының қатысушысы Кирилл Герасименко, 2020 жылғы Олимпиада қатысушысы Анастасия Лаврова, аралас жұптағы жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, халықаралық турнирлердің жүлдегерлері Сарвиноз Миркадирова, Зауреш Ақашева және тағы басқалар таныстырады.

Ал басқа елдерден келген үстел теннисінің жұлдыздары арасында командалық есеп бойынша олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Қытайлық Ван Чуцинь, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Миу Хирано мен Мива Харимото (Жапония), Олимпиада алтын және күміс жүлдегері Сунь Инша (Қытай), олимпиада чемпионы Мима Ито (Жапония), Олимпиаданың қола жүлдегері Томоказу Харимото (Жапония) бар.

Айта кетейік, Азия құрлығы бұл спорт түрінен әлемдегі жетекші орынға ие болғандықтан, чемпионат халықаралық жарыс күнтізбесіндегі ең маңызды турнирлердің бірі ретінде саналады.

Турнирде ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей, командалық, жұптық және аралас жұптық жарыстарда медальдар сарапқа салынады.

Жарыс Астанада 7-13 қыркүйек аралығында BEELINE ARENA Ұлттық теннис орталығында өтеді. Көрермендерге кіру тегін.

Сондай-ақ жанкүйерлер чемпионатты тікелей эфирде «Qazsport» арнасынан көре алады.

Еске сала кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Кирилл Герасименко Париж олимпиадасында 9-орын алған еді. Қазақстан үстел теннис федерациясы спортшыға Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйлаған.