Мемлекеттік қызмет туралы заңға қарамастан, Есік қаласының әкімі Аңсатбаев пен Іле ауданының әкімі Қарасаев ұсталса да, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев отставкаға кетпейді. Әкімнің аппараты кursiv.media сауалына өз уәжін айтты. Әкімдік келтірген дәйекке сүйенсек, облыс әкімі сайланған аудан, қала әкімдеріне жауап бермейді.
«Есік қаласының әкімі А.М.Аңсатбаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес сайланғандықтан, облыс әкімінің отставкаға кету мәселесі заңнамада айқындалмаған», – дейді Алматы облысы аппараты.
Есесіне, оның тікелей басшысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі А.М. Досумбаев жазаға тартылып, 2024 жылдың 17 ақпанынан бастап өз еркімен орнын босатқан.
Алматы облысы әкімдігі аппаратындағылардың пікірінше, Іле ауданының әкімі Б.Ә. Қарасаевқа қатысты қозғалған қылмыстық істің негізі 2019 жылғы оқиғаларға қатысты. Ал Сұлтанғазиев 2022 жылдың желтоқсанында қазіргі лауазымға тағайындалған. Әкімдік бұл мәселеге қатысты бұрын да сұрақтар туындап, тексеру жүргізу туралы тиісті уәкілетті органдарға хат жолданғанын айтты.
«Б.Ә. Қарасаев 2024 жылдың 3 қыркүйегінен бастап өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты атқарып отырған лауазымынан босатылды. Бұл 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарына сәйкес, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша жүзеге асырылды», – дейді әкімдіктегілер.
Елімізде 2019 жылдың желтоқсанында «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға жаңа ереже енгізілген еді. Онда бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі қарастырылған. Заң бойынша, Мемлекеттік саяси қызметшілер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін немесе қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде отставкаға өтініш беру қажет.
Қол астындағы қызметкер заң бұзса, жемқорлық үшін ұсталса, лауазымды тұлға дереу отставкаға кетеді деген сөз емес. Сонымен қатар уәжді бас тарту беруге де құқылы.
«Отставкадан бас тартылған жағдайда мемлекеттік саяси қызметшi заңға сәйкес отставкадан бас тарту туралы шешiм қабылдаған адамның (органның) шешімі бойынша тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін делінген», – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.
Сонымен қатар, іс жүзінде, қарамағындағылардың қылмысы үшін саяси тұлғалардың бәрінің бірдей отставкасы қабыл бола бермейді екен. Сөгіс, ескерту секілді жеңіл жаза да тағайындалуы әбден мүмкін.
Айталық, агенттігінің мәліметінше, 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бастап, 36 мемлекеттік саяси қызметші отставкаға өтініш берген. Оның ішінде 16 саяси қызметшінің отставкасы қабылданған. Ал 24 саяси қызметшінің отставкасы қабылданбай, тек қана тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бір лауазым иесіне ескерту жасалса, бес адам сөгіс алған. 16 қызметкер қатаң сөгіспен шектелген. Екі адамға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілген.
Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевты ұстағанын растаған еді. Ал Есік қаласының әкімі Асхат Аңсатбаев пара алды деп күдікке ілінген еді.