AIX-тегі сауда көлемі шамамен үш есе өсті
Жыл басынан бері Astana International Exchange (AIX) биржасында сауда-саттық көлемі айтарлықтай өсіп, соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш – 922 млн долларға жетті.
Astana International Exchange мәліметі бойынша 2024 жылдың үшінші тоқсанында AIX-тегі сауда көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе өсіп, 217 млн долларға жетті.
AIX ресми тізіміне 41 жаңа құрал қосылды. Соның нәтижесінде AIX-тегі бағалы қағаздар шығарылымы 131 эмитенттің 219 шығарылымына дейін ұлғайды.
Қыркүйек айында 18 жаңа листинг тіркелді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биржаның сауда мүшелері мен депозитарий қатысушыларының жалпы саны 56-ға жетті, оның 22-сі – Еуропа, ТМД, араб елдері мен Қытайдың шетелдік компаниялары.
Шетелдік инвесторлардың акциялармен сауда-саттыққа қатысуы шілдеде 11%, тамызда 21% және қыркүйекте 17%-ды құрады. AIX Qazaq Index жыл басынан бері 12.4%-ға өсті.
Tabys мобильді қосымшасы арқылы сауда-саттық көлемі жыл басынан бері 9 млн долларды құрады, ал белсенді инвесторлар саны 18,9 мың адамға жетті.
Жаңа бастамалар:
- орнықты қаржыландыруды қолдауға арналған I-REC жаңартылатын энергия сертификаттары енгізілді;
- өтімділікті арттыруға арналған «Демеушілік жасалмайтын листинг» сегменті іске қосылды;
- акцияларды AIX-те листингтеу үшін free-float шегі 25%-дан 10%-ға дейін төмендетілді.
AIX Qazaq индексі үшінші тоқсанда 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4%-ға өсті. Көрсеткіш 23 тамызда ең жоғары мәнге жетті – 1 401,28 балл. 7 қазандағы жағдай бойынша ол 1 379,46 балды құрайды.
Жылдың тағы бір жаңалығы – AIX және Muscat Stock Exchange өңірлік және жаһандық нарықтарды біріктіретін Tabadul платформасы арқылы кросс-листинг пен сауданы оңтайландыруға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.