Жаңалықтар

Доллар бағамы 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғарғы деңгейге дейін жетті – DATA HUB

Доллар бағамы жоғарылап, теңге әлсірей түсті/ коллаж: kursiv.media

Ұлттық банк 8 қазанға бекіткен америкалық валютаның ресми бағамы 484,37 теңгені құрады. DATA HUB арнасының жазуынша, бұл – 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғарғы деңгей. Яки доллар бағамы айтарлықтай өсті.

«Соңғы айларда доллар 480 теңге шартты түрдегі психологиялық межесінен жиі асатын болған, бірақ техникалық тұрғыдан қазіргі көрсеткіші 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғарысы болып тұр», – деп жазды DATA HUB арнасы.

DATA HUB талдауы бойынша Еуроның ертеңгі бағамы – 531,06 теңге. Бұл бағам қыркүйектің ортасынан бергі ең үздік нәтиже болып есептелінеді. Рубль де әлсіреп барады (5,05 теңге). Шамамен 4 айдағы, яғни маусымның ортасынан бері алғанда, ең төменгі деңгейі осы болды.

2024 жылғы қыркүйекте долларға шаққанда, теңге бағамы 479-481 арасында құбылып, ай соңында 481,11 (тамызда 481,61) деңгейіне дейін аздап нығайды. Қыркүйекте орташа бағам 479,88 болды. Halyk Finance талдау орталығының сарапшылары Ұлттық қордан валюта сатудың тұрақсыздығына байланысты нарық субъектілері мен халықтың ұлттық валютаға деген сенімі төмен деп есептейді.

2015 жылдан бері теңгенің қатты әлсіреуіне көбіне сыртқы немесе ішкі факторлар әсер еткен. Сарапшы Арман Байсенбаев теңге алдағы уақытта бірқалыпты әлсірей беретінін айтады.