Прокурорлар Қылмыстық кодекстің 313-1 бабы бойынша Telegram-арналардағы суицидке итермелейтін күмәнді контенттер бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов жағдайды бақылауға алып, арнайы прокурорларға тапсырма бергенін мәлімдеді. Балаларға қауіпті ойын ұсынатын желілер сүзгіден өтеді. Бірнеше Telegram-арнаның қатысушылары мен әкімгерлері тексеріледі. Бас прокурор қадағалауымен үш іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.
«Тергеу амалдарын жүргізіп, бірқатар сараптама тағайындаймыз. Қылмыстық кодекстің 313-1 бабына сай Ішкі істер министрлігіне ел бойынша суицидке үгіттеу белгісі барлық фактіні тексеруді тапсырдым. Тергеу барысын жеке бақылаймын. 313-1 бапта көрсетілген қылмыс белгілері бар басқа әлеуметтік желілерді жіті тексеріп шығамыз», – деп жазды Берік Асылов Х парақшасында.
Қылмыстық Кодекстің 313-1-бабы («Өзін-өзі өлтіруді насихаттау») бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан бастап, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Алматы қаласының прокурорлары суицидке итермелейтін сайтты анықтап, оны бұғаттау шараларын қабылдаған. Telegram арнасына тіркелген 67 қолданушыға канал әкімшілігінен суицидке қатысты тапсырмалар берілген.
Прокуратура органдары суицидке итермелеуі мүмкін 15 мың сайт пен сілтемені бұғаттады. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі суицидке жетелейтін 43 интернет ресурсты анықтаған.