Өткен аптада Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясы Bank of America-дағы акцияларын сатып жатқанын жазған едік. Ал қазір Америкалық миллиардердің банктегі үлесі 10,1%-ға дейін қысқарғаны белгілі болды.
Дәлірек айтсақ, 3-4 қазан күндері, сондай-ақ дүйсенбі, 7 қазанда Berkshire компаниясы банктің 9,6 млн акциясын шамамен 383 млн долларға сатты. Бұл туралы АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына (SEC) жолданған құжаттарда хабарланған.
Қазіргі уақытта инвестициялық компанияға BofA-ның шамамен 784,5 млн акциясы тиесілі. Демек дәл қазір Berkshire-дің банктегі үлесі 10,1%-ға тең.
MarketWatch басылымының мәліметінше, Berkshire банктегі үлесі 10%-дан асқанша (шамамен 776 млн акция) банк акцияларын сату туралы деректерді жедел түрде жариялауға міндетті. Ал одан кейін бұл талаптың күші жойылады.
Berkshire кейінгі 15 сауда сессиясы бойы BofA акцияларын сатып келеді. Инвестициялық фирма шілде айының ортасынан бері өз үлесін қысқартуды бастады. Содан бері оның акциялар пакеті 20%-ға азайды.
Дүйсенбі, 7 қазан күнгі сауда нәтижесінде Bank of America акцияларының бағасы 0,4%-ға төмендеп, 39,96 долларға тең болды. Жыл басынан бері банктің нарықтық құны 18,7%-ға өсіп, 310 млрд долларға жетті. Ал бұл кезеңде S&P 500 қор индексі 19,4%-ға өсті.
Еске сала кетейік, Баффет пен Berkshire позициясын неге қысқартқанын ашып айтқан жоқ. Bank of America-ның бас директоры Брайан Мойнихан да жақ ашпады. «Біз бұл жөнінде сұрай алмаймыз және сұрамаймыз да», – деді ол Yahoo Finance-ке берген сұхбатында.