Осыдан 7 жыл бұрын Астана қаласында өткен EXPO-2017 көрмесіне дайындалуға Ұлттық қордан 76,10 млрд теңге облигациялық қарыз берілген. Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қор қаржысына мемлекеттік «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің облигацияларын сатып алу туралы шешім шығарған. Яғни қарыз қаржыны «Бәйтерек» холдингі қайтарады. Бұл туралы Ұлттық банктің kursiv.media сауалына берген ресми жауабында жазылған.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің шешімдеріне сәйкес EXPO-2017 көрмесіне дайындалуға жалпы сомасы 76,10 млрд теңгеге мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ-ның облигациялары Ұлттық қорға сатып алынды», – делінген жауапта.
Ұлттық қордан көрме құрылысына бөлінген қарыз әлі өтелмеген. Облигациялық қарызды холдинг 2034, 2035 және 2036 жылдары жабуы тиіс.
«Қазіргі уақытта облигациялық қарыздар өтелмеген. Эмитенттің бастамасы бойынша өтеу мерзімінен бұрын өтеу құқығымен облигация айналым мерзімінің соңында көзделген», – делінген жауапта.
Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, Ұлттық қордың жалпы 3,5 трлн теңге қаржысы облигациялық қарыз ретінде берілген. Қазіргі кезде 3,5 трлн теңге қарыздың 453 млрд теңгесі қайтарылған. Қалған 3,09 трлн теңгесі облигациялық қарыз ретінде есепте тұр.
Ұлттық қор қаражатынан қарыз «ЭКСПО» нысандары құрылысынан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары мен мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үй мен темір жол салуға берілген.
Мәселен, 2022 жылы Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып, 162,8 млрд теңгеге «Самұрық-Қазына» қорының облигацияларын сатып алған. Бұл қаражат Достық-Мойынты учаскесінің екінші жолын салу үшін ҚТЖ-ға несие беруге жұмсалды. 2023 жылы Ұлттық банк тағы да «Самұрық-Қазынаның» облигацияларын 173,7 млрд теңгеге сатып алды. Бұл қаржы да темір жол желісі құрылысына құйылды.
Ұлттық қор валюталық активтерін басқару есебінде, қордың жинақ портфелінің 10%-ы корпоративтік облигацияларға салынғаны жазылған.
1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның Ұлттық қорында 31,37 трлн теңге жинақталған. Ұлттық қордың түсімдері және оны пайдалану туралы есепке сәйкес, 9 айда қордан 4 трлн теңгеден аса қаржы алынған.
Соның 2 трлн теңгесі – кепіленділіген трансферт болса, 2,019 трлн теңгесі – нысаналы трансферт. Яғни, 9 айда 1 жылға жоспарланған қаржы артығымен жұмсалып кеткен.