31 пайыз акциясы қазақстандық кәсіпкер Қайрат Итемгеновке тиесілі Globaltrans компаниясы Мәскеу биржасынан делистинг жасауға өтінім берді. Компания бағалы қағаздарын Астана халықаралық қаржы орталығының AIX биржасына орналастыруға дайындалып жатыр.
Globaltrans компаниясының хабарламасында компания әр жаһандық депозитарийлық қолхатын 520 рубльден кері сатып алуға ұсыныс тастайды. Бұл құн – бағалы қағаздардың 12 қыркүйектегі бағасына 10 пайыз үстемақы қосылған сомаға тең. Тендерге қатыспаған бағалы қағаз ұстаушылар компания акциларына иелік етуді жалғастырады. Бірақ Мәскеу биржасынан делистинг жасағаннан кейін, бұл акциялар санкцияларға байланысты AIX-те саудаланбайды.
Globaltrans Investment PLC компаниясы Мәскеу, Санкт-Петербург және Лондон қор биржасынан (LSE) делистинг жасауға ниетті екенін қыркүйек айында хабарлаған. Мұндай шешімге «көптеген шектеулердің сақталуы» себеп болғаны жазылды. Тендерлік ұсыныс акционерлердің 2024 жылғы 7 қазанда өткен жиналысында мақұлданған.
2024 жылдың қаңтар айында компания акцияларының 31,6%-ын қазақстандық кәсіпкер Қайрат Итемгенов (Forbes рейтингінде 18 орында тұр) сатып алды. Қалған бағалы қағазының шамамен 55%-ы еркін айналымға жүр.
Қайрат Итемгенов Қазақстандағы ең ірі дәріханалар желісінің бірі – Europharma және аймақтардағы Arzan Pharm дәріханалар желісін басқаратын Aqniet Group компаниясына иелік етеді.
Globaltrans – ТМД нарығындағы ең ірі жүк теміржол операторларының бірі. Компания басқаруында шамамен 66 мың вагон бар. 2023 жылдың ортасына дейін оның 62 мыңы өз меншігінде болған.