Талғар ауданында 16 жастағы жасөспірім кісі қолынан қаза тапты: Ішкі істер министрі істі жеке бақылауына алған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Талғардағы жасөспірімнің өлімі әділ тергеле ме / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы, Талғар ауданында кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал әділ тергеуді талап етіп, аудандық әкімдікке жиналған туыстарына тергеу әділ және жан-жақты өтеді деген уәде берілген.

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлайды.

«Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларының толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – деп жауап берді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұл істі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алған.

«Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда», – деп жазады министр.

Сонымен қатар, оқиға орнында ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеп жатыр. Министр кінәлілер тиісті жазасын алады деп сендірді.

4 қазан күні түнде Талғарда бір топ адам төбелесіп, салдарынан екеуі жарақат алып, 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды.

7 қазан күні қайтыс болған баланың туыстары Талғар ауданы әкімдігінің алдына жиналып, жолды жауып, тергеудің әділ өтуін талап екен. Баланың әкесі 4 қазаннан бері жергілікті құқық қорғау орындары еш іс-әрекет жасамай, қылмыстық істі бұрмалап отыр деп мәлімдеді. Сонымен қатар, іске қатыстылардың бәрі толық ұсталмағанын айтқан.

Талғар қаласының әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған баланың әкесі және туыстарымен жергілікті билік өкілдері, прокурорлар сөйлесіп, іс жан-жақты тергеледі деп уәде берген. Түстен кейін жиналғандар толық тараған.

Сондай-ақ оқыңыз