Цифрлық теңге және бірыңғай QR-код іске қосылады. Ұлттық банк 2025 жылы ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын құрмақ
Ұлттық банк 2025 жылы ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын құруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда келер жылы цифрлық теңге мен бірыңғай QR-код жүйесі толығымен іске қосылып, сондай-ақ қаржылық қызметтерге жасанды интеллект енгізілмек. Бұл туралы Орталық Азия Fintech Summit-інде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлімдеді.
ҰБ өкілінің айтуынша, цифрақұрылымның негізгі құрамдас бөліктері – Ұлттық төлем жүйесі, Цифрлық теңге платформасы, Open API платформасы, цифрлық келісімдер механизмі, биометриялық сәйкестендіру жүйесі және Антифрод-орталық болмақ.
«Қазір біз ҚНРДА-мен, сондай-ақ нарық қатысушыларымен бірлесіп, алдағы 5 жылға арналған Қаржы реттеушілерін цифрландыру стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Ол біздің барлық «цифрлық» бастамамызды реттейтін өзгерістерге қосымша ретінде қаржы нарығында инновациялық заңнамалық ортаны құру үшін бірыңғай Цифрлық Ұлттық Банк тұжырымдамасына біріктіреді», – деп атап өтті.
Бұл ретте Ұлттық банк екінші дейгейлі банктерге қажетті құралдарды ұсына отырып, процестің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Баймағамбетов мұндай инфрақұрылымның негізгі қағидаты – нарықтағы барлық қатысушыға бірдей жағдай жасап, бәріне түсінікті, бірізді ережелерге негізделген тең мүмкіндік беру екенін атап өтті.
«Бұл мәселені елдің бірыңғай энергетикалық желісімен салыстыруға болады: онда мемлекет жүйелік оператор рөлін атқарып, барлық тарапқа бірдей қарап, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ал нарық қатысушылары шынайы бәсекелеседі. Бұл индустриядағы шынайы бәсекелестікті қолдап, нарықтың ашықтығы мен ұзақ уақыт бойы тиімді дамуына жағдай жасайды. Нарық билігі тұтынушылардың қолында болуы керек: платформалық бизнес-модельдердің дамуы азаматтардың таңдауын шектемеуге тиіс, цифрлық экожүйелер ашық болуы керек», – деді ҰБ төрағасының орынбасары.
Ақылжан Баймағамбетов қазіргі басты мақсат – Data-Driven Банк құру екенін айтып өтті. Ол Ұлттық Банктің негізгі бизнес-процестерін қайта құруды да талап етеді.
«Ұлттық Банк пен оның еншілес құрылымдарының иелігіндегі әкімшілік және транзакциялық деректер негізінде деректер платформасы құрылады. Ол макро- және микро- пруденциялық реттеу мен қадағалаудың деректерге бағытталған технологияларын жетілдіруге бағытталған. Деректердің үлкен жиынтығына қол жеткізу зерттеулер мен болжам аналитикасының сапасын жақсартып қана қоймай, нарыққа қолжетімді ашық деректерді арттырып, реттеушілер үшін жиналатын деректердің қоғамдық құндылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Сондай-ақ ҰБ SupTech және RegTech технологияларын ұлттық қаржы жүйесіне кеңінен енгізуге баса мән бермек. Бұл – қаржы индустриясындағы цифрлық трансформация стратегиясының маңызды элементі. Одан бөлек, жасанды интеллектті цифрлық бастамалардағы негізгі технология ретінде белсенді түрде енгізу басты бағыт болмақ.
Цифрлық теңге 2023 жылғы 15 қарашада, Қаржыгерлер күнінде қолданысқа енгізілді. Конгресс кезінде цифрлық теңгемен алғашқы бөлшек транзакция жасалып, оған бір шыны аяқ кофе сатып алынды. Цифрлық теңгені енгізу екінші кезеңінің қорытындысы 2024 жылдың аяғында жарияланады.