Қатарлық Lesha Bank қазақстандық Bereke Bank-ті толығымен сатып алды
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен катарлық Lesha Bank арасындағы Bereke Bank АҚ-ның 100% акцияларын сату туралы мәміле аяқталды. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметі хабарлады.
Холдинг ақпаратына сүйенсек, тараптар өзара келісімге қол жеткізген. Тамызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Lesha Bank-тің холдинг мәртебесін алып, қазақстандық банкті сатып алуына келісім берген. Холдингтің жазуынша, осы келісімнен кейін Bereke Bank-тің нарықтағы позициясы нығаймақ. Және бұл елдегі екінші деңгейлі банктер арасында бәсекенің артуына алып келеді.
«Жаңа акционердің келуімен екінші деңгейдегі банктер арасында бәсекелестіктің күшеюі, жаңа технологияларды енгізу және экономиканың нақты секторына кредит беруді дамыту күтілуде», – делінген хабарламада.
Қатарлық Lesha Bank қор биржасында (QSE: QFBQ) тіркеліп, арнайы лицензия алған. Ол Қатардан бөлек, АҚШ, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінде қызмет етеді.
Қазақстандық банкке қатарлық инвестордың қызғушылық танытқаны 2024 жылдың басында белгілі болған. «Бәйтерек» холдингі Bereke bank-тің активтерін 2,063 трлн теңгеге бағалағанымен оны қатарлық холдинг 65 млрд теңгеге сатып алған.