Қазақстан «РосАтом» көмегінсіз АЭС сала алмай ма – Скляр не дейді?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан «РосАтомсыз» АЭС сала алмай ма – Скляр не дейді? / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан ресейлік «РосАтом» мемлекеттік корпорациясына жүгінбей АЭС салуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Үкіметтегі баспасөз алаңында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жауап берді.

«Қазір ресейлік БАҚ «Қазақстан «РосАтомсыз» АЭС сала алмайды. Қазақстан америкалық компанияны таңдаса, саяси қиындықтарға тап болады» деген ақпарат таратуда. Мұны сіздер қалай бағалайсыздар? Бұл қысым емес пе?», – деп сұрады журналист Үкіметте Склярдан.

Вице-премьер журналист сұрағына нақты жауап бере алмады. Дегенмен бұл туралы айтуға әлі ерте екенін атап өтті. Себебі АЭС-ті нақты қандай компания салатыны, жобаны кімнің құрастыратыны және АЭС салу жұмыстарына қатысатын компаниялар консорциумы әлі белгілі болмаған.

«Консорциум келер жылы нақты белгілі болып қалар. Халықаралық компаниялар арасында жобаны дайындайтын, құрылыс жүргізетін үлескерлер белгілі болған жоқ. Сондықтан бұл туралы айту әлі ерте», – деді вице-премьер.

Скляр бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесіне мән беріліп, жұмысқа жауапкершілікпен қарау керек екендігін атап өтті.

Айта кетейік, 6 қазанда Қазақстанда өткен АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша сайлаушылардың 71,12%-ы АЭС салуға келісім берген. Қарсы дауыс бергендер саны – 2 045 271 адам. Жарамсыз деп танылған бюллетень саны – 130 267.

Сондай-ақ оқыңыз