Авто

Жүрілген автокөліктердің бұрынғы иелеріне қатысты толық мәліметті енді eGov порталынан табуға болады

eGov.kz та көлік тарихын тексеру қызметі іске қосылды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жүрілген автокөліктердің бұрынғы иелеріне қатысты толық мәліметті енді eGov порталынан табуға болады. Ол үшін тек қана мемлекеттік нөмір мен техникалық төлқұжат қажет. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы хабарлады.

«Сервисті енгізу көлікті сатып алған кезде қосымша ақпаратпен танысуға көмектеседі және сәйкессіздіктер туындаған жағдайда бірқатар проблемалардан сақтайды. Тексеру үшін сатушыдан көліктің мемлекеттік нөмірін және техникалық паспорт нөмірін білу қажет», – делінген хабарламада.

«Автокөлік тарихы» қызметі:

  • көлік маркасы, шығарылған жылы, қозғалтқыш көлемі, кузов түсі, қосымша орнатылған жабдықтардың бар-жоғы;
  • көліктің Қазақстанда алғашқы тіркелген күні;
  • алдыңғы иелерінің саны және қайта тіркеу күндері;
  • кепілдіктер мен ауыртпалықтардың бар-жоғы сияқты мәліметтерді қамтиды.

Бұл сервистің іске қосылуына Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті қатысқан.

Автокөлік туралы ақпарат алу үшін:

– eGov.kz порталына кіру, «Көлік тарихы» сервисіне өту қажет;

– «автомобильдің мемлекеттік нөмірі (МТНБ)» және «Автокөлік құралын тіркеу туралы куәліктің нөмірі (КҚТК)» енгізу;

– автомобиль туралы ақпаратпен танысуға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін міндетті автосақтандыру бойынша төленетін ақша көлік иелерінің көңілінен шықпайтыны туралы жазған едік.

Қазақстанда 2024 жылдың басынан көлік құралдарын міндетті сақтандыру тарифтерін белгілеуде өңірлік түзету коэффициенттері қолданыла бастады.