Гаджеттер

Алаяқтар қазақстандықтардың жеке деректерін DarkNet пен Telegram арқылы 5 мың теңгеден сатқан

Қазақстандықтардың жеке деректерін сатқан алаяқ ұсталды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Алаяқтар қазақстандықтардың жеке деректерін DarkNet және Telegram арқылы 5 мың теңгеден сатқан, бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше Қостанай қаласының 24 жастағы тұрғыны зиянды бағдарламалар арқылы интернет қолданушыларының жеке деректерін – логиндер, құпиясөздер, IP мекенжайларын жинап, оларды DarkNet және Telegram арқылы криптовалютаға сатқан. Мұндай файлдардың бағасы көлеміне қарай 5000 теңгеден басталған. Анықталғандай, қылмыскер осы әдіспен 1,5 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Сонымен қатар «кардингпен» айналысып, яғни банктік карталардың мәліметтерін ұрлап, сатумен айналысқан, компьютерлік вирустарды жасау және тарату бойынша ақылы түрде сабақ берген.

Полицияның Алматы қаласында жүргізілген операциялар барысында төрт call-орталық жойылып, 47 шетелдік ұсталды. Олар шетел азаматтарына қатысты алаяқтықпен айналысқан. Құқық қорғау органдары олардан 1500 ұялы телефон, 1000-нан астам sim-карта және компьютерлік техника тәркіледі.

Ішкі істер министрлігінің қылмыстық полиция департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов азаматтарға жеке мәліметтерін ешкімге бермеу, күмәнді сілтемелерді баспау және күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмау қажеттігін ескертеді.

Алаяқтар жасанды банк қызметкерлері ретінде хабарласып, азаматтарды алдайтындықтан, әрқашан банкке немесе құқық қорғау органына қайта қоңырау шалып, ақпаратты нақтылау маңызды.

Интернетте, әсіресе, әлеуметтік желі арқылы зат сатып алу кезінде сақ болыңыз. Ақша аударудан бұрын сатушының репутациясын және мәміленің шарттарын мұқият тексеріңіз. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті осындай ескерту таратты.