Журналист салынбай қалған зауыт үшін Көлік министрі Марат Қарабаевты сотқа бермек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Журналист министрді сотқа бермек / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан Үкіметіндегі баспасөз мәслихатында журналист Ботагөз Омарова Көлік министрі Марат Қарабаевты сотқа беретінін айтты.

Журналист Ботагөз Омарованың айтуынша, Марат Қарабаев 2020 жылы көлік вице-министрі болып тұрған кезде Қарағандыда 500 жұмыс орны бар зауыттың құрылысына қол қойған. Бірақ зауыттың әлі де салынбағанын сынға алды. Ол шенеунікті Қарағанды облысы тұрғындарын алдады деп айыптады және лицензия беру процесінде заң бұзушылықтар болғанын атап өтті.

Министр Марат Қарабаев өз жауабында барлық құжаттардың заңға сәйкес дұрыс рәсімделгенін, лицензия алу мен зауыт салу бойынша барлық міндеттеме кәсіпкердің мойнында екенін айтты. Сондай-ақ министр лицензияны бақылау басқармасы жыл сайын кәсіпкерлердің міндеттемелерін бақылап отыратынын және қажет болған жағдайда лицензия қайтарылып алынуы мүмкін екенін жеткізді.

«Қазақстанда жер қойнауын пайдалану үшін лицензия берудің өз тәртібі бар. Яғни қандай да бір компания сол жерді қазу үшін лицензия алады және оның мерзімі болады. Мысалы, алты жылға алса, алты жылдың ішінде ол міндеттемелерін толық орындау керек.Егер орындамаса, мемлекет оның лицензиясын қайтарып алады. Дәл осы зауытқа қатысты заң бұзылып отырған жоқ»,  – деді Қарабаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев БҚО әкімдігінің зардап шеккен жолдары жергілікті бюджет есебінен жасалып жатқанын, алайда қаражат тапшылығына байланысты Үкіметтен 1 млрд теңге сұрап отырғанын айтқан болатын. Министр ол кезде Қаржы министрлігінің бұл қаржыландыруға қатысты қаулы жобасын қарастырып жатқанын айтқан.  

Сондай-ақ оқыңыз