АЭС-ке қай елдің реакторлары қойылады – Үкімет жауабы
АЭС-ке ең озық үлгідегі технологияларды пайдаланатын елдің реакторлары қойылады. Сонымен бірге атом электр станциясын консорциум құрып, бірнеше ел салуы мүмкін және құрылыс шығыны өсіп кетуі де ғажап емес. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте вице-премьер Роман Скляр айтты.
Брифинг барысында журналист Ресейдің реакторларын қою туралы шешім қабылданса, міндетті түрде оның саяси салдары болатынын айтты.
«АЭС-ке қай елдің реакторлары қойылады? Бұрын Ресей реакторлары жөнінде сауал қойған кезде министрлік референдум өтпей, бұл мәселе талқыланбайтынын мәлімдеген. Енді референдум өткен соң, осы сұрағымызды қайта қоямыз. Егер, Ресей реакторларын қоятын болсақ, саяси тұрғыда оның салдары қалай болады? Осыны ескердіңіздер ме?», – деп сұрады БАҚ өкілі.
Премьер-министрдің орынбасары АЭС салу үшін арнайы консорциум құрылатынын, әр елдің озық технологиясын пайдалану үшін Үкіметтің осындай шешімге келгенін айтты. Сонымен бірге реакторларды қоюда бірінші кезекте қауіпсіздікке басымдық берілетінін жеткізді.
«Негізінен консорциум құрылады. Біз үшін қауіпсіздік бірінші орында. Сондықтан да, жаңадан салынатын атом электр станциясында заманауи соңғы үлгідегі технологиялар пайдаланылады. Ең озық жобалық шешімдер мен көшбасшы елдердің жаңа технологиялары қолданылатын болады. АЭС салатын елдерді біз емес, арнайы құрылған жобалық топ анықтайды. Ал саяси тәуекелдерге келетін болсақ, мұндай тәуекелдер жобалау барысында анықталады. Егер ондай тәуекел анықталса, сол елмен, сол елдің компаниясымен келісімшартта санкциялық мәселелер де ескерілетін болады», – деп жауап берді Скляр.
Ал консорциумға 5 ел кіруі мүмкін. АЭС-тің нысандарының әр бөлігін сол сала бойынша озық деп танылған елдер салады. Скляр нысанды әртүрлі ел салғанымен оның кешендік әсері жоғары болатынын айтады.
«Консорциумға 5 ел кіруі мүмкін деп болжап отырмыз. АЭС өзі бір ғана нысаннан тұрмайды. Бірнеше нысандардан құралады. Соған сәйкес, құрылымы да әртүрлі болады. Біздің міндетіміз – әр елдің жақсы, озық деген технологияларын пайдалану. Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсілдер сәтті қолданылған. Бір ел атомдық аралдың негізін қаласа, екіншісі ашық және жабық реттеуші құрылғыларын салады. Мұның кешендік әсері күшті болады. Сол себепті бүкіл жұмысты бір ғана елдің мердігеріне беріп қойғымыз келмеді. Осыған байланысты консорциум құрып, жүзеге асыруды жөн деп таптық», – деді Скляр.
Скляр АЭС шығыны туралы нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Өйткені бұл ұзақ жылдарға созылатын жоба болғандықтан, инфляциялық тәуекелдер, құрылыс материалдарының қымбаттауы жобаның соңғы құнына әсер етуі мүмкін. Скляр мұндай ұзақмерзімді құрылыстар кейде бастапқы құнынан 50%-ға дейін қымбатқа түсіп жататынын атап өтті.
Сонымен бірге вице-премьер мердігерлер ашық тендер негізінде таңдалатынын айтты.
Айта кетейік, 6 қазан күні Қазақстанда референдум болып өтті. Референдум қорытындысына сәйкес, АЭС салуға қазақстандықтардың 71,12% келісім берген. АЭС салуға қарсы дауыс берген адам саны – 2 045 271. Ал 130 267 бюллетень жарамсыз деп танылған.