Қытай компаниялары Ресейге дәрі-дәрмек өндіру үшін қажетті фармацевтикалық шикізат жеткізуден бас тартып жатыр. Бұл жайлы ресейлік кәсіпкерлер хабарлаған.
Ресейдің «Активный компонент» фармацевтикалық компаниясының президенті Александр Семенов соңғы санкциялардан кейін, қытайлықтардың дәрілік шикізатқа шектеулер енгізгенін айтқан.
«Соңғы санкциялар пакеті жарияланған соң, Ресейге жеткізуге рұқсат етілмейтін аралық өнімдерді, активтерді және реагенттерді көрсететін белгілі бір кодтар пайда болды. Біз, фармацевтикалық субстанцияларды өндірушілер осындай кедергілерге тап болдық. Қытайлық компаниялар Ресейге импортталмайтын белгілі бір позицияларға шектеулер енгізіп жатыр», – деп мәлімдеген Семенов.
Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта жағдай тіпті күрделене түсуі мүмкін. Сонымен қатар компания өкілі Ресейде мемлекеттің «ұзақмерзімді» преференцияларынсыз өз шикізатын өндіруді жолға қою қиынға соғатынын мәлімдеген.
RNC Pharma мәліметтеріне сенсек, ресейлік дәрі өндірушілердің шетелдік шикізатқа тәуелділігі 80%. Ал ел нарығында дәрілік шикізат өндірісі небәрі 8–10%-ды құрайды. Дәрі-дәрмек шығаруға қажетті шикізаттың 3/2 бөлігін Ресей Қытай мен Үндістаннан жеткізеді.
DSM Group статистикасына сәйкес, 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы, елдің фармацевтика өнеркәсібі айтарлықтай қиындықтарға тап болған. Мәселен, 2022 жылы елге 17 199 тонна фармацевтикалық субстанция жеткізілген. Ал 2023 жылы бұл көлем азайып, 12 847 тонна көлемінде дәрілік шикізат импортталған. Соғысқа байланысты жеткізілім тізбегі күрделене түсіп, шикізат құны 26%-ға қымбаттап, 1 кг үшін 116 долларға дейін өскен.
Импорт көлемінің төмендеуіне және халықаралық фармацевтикалық өндірушілердің Ресей нарығынан кетуіне байланысты елде қолжетімді дәрі-дәрмек саны күрт азайған. Мәселен, 2023 жылы дәріханалардан 2,2 мың дәрілік позиция жоғалған. Жыл соңында көрші ел дәріханаларында 19,4 мың дәрі-дәрмек позиция қалған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 11%-ға аз.