Қазақстанда газ тұтыну көлемін бақылайтын, оны қауіпсіз пайдалануды қадағалайтын мемлекеттік ұйым жоқ. Бұл жайлы Мәжілісте газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтынуға қатысты әзірленген заң жобасының таныстырылымы кезінде депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов айтты.
Заң жобасын таныстырған депутат Елена Смышляеваның айтуынша, газ тұтынуды бақылау құзыреттілігі әр министрлік пен жауапты органдарға бөлініп кеткен. Мәселен, газды өндірістік тұтынуды Төтенше жағдайлар министрлігі бақылайды. Ал автомобильдердің газ баллонына Көлік министрлігі жауапты, газды әлеуметтік тұтыну мәселесіне жергілікті атқарушы органдар яғни әкімдіктер жауапты, газ тарату қызметі Энергетика министрлігінде.
Осы орайда заң негізінде «QazaqGaz» ҰК» ұлттық операторының құзыреттілігін кеңейту көзделген. Заңда газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор тарапынан газдандыру жобаларын іске асыру кезінде жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейтуді көздейтін нормалар қарастырылған.
«Өткен жылы мемлекет бюджетінен шамамен 194 млрд теңге көлемінде газ инфрақұрылымына қаражат жұмсалды. Жалпы елдегі газ инфрақұрылымын жүргізуге әкімдіктер жауапты. Яғни газдандыру бойынша құрылыс жүргізіп, нысанды ұлттық операторға өтікізгенше барлық процеске жергілікті атқарушы органдар жауап береді. Алайда ұлттық опаратор жұмыс барысын, жұмыс сапасын бақылай алмайды. Әкімдіктер не береді, соны қабылдап алады», – дейді депутат.
Смышляеваның айтуынша, мұндай тәжірибе барысында, кейбір мәселелер дұрыс шешілмейді. Мысалы, кей құрылыстар талаптарға сай жүргізілмейді. Салдарынан ондай нысандардан ақаулар шығып жатады. Ол ұлттық оператордан қосымша қаражатты талап етеді.
«Кейде ұлттық оператор мұндай шала жасалған инфрақұрылымдарды қабылдамай жатады. Сол үшін заңға өзгеріс енгізіп, ұлттық оператордың жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіндегі процеске араласуын қамтамасыз ететін нормалар қарастырылып жатыр», – дейді Смышляева.
Ал депутат Бақытқожа Ізмұхамбетов заңды қабылдамас бұрын, газ тұтынуды бақылау тетігін реттеу керек екенін айтады. Айтуынша, елде газды тұтыну кезіндегі қауіпсіздікке жауап беретін ұйым жоқ. Мәселен, қарапайым газ баллондарын пайдалану мәселесін алатын болсақ, оны қауіпсіз тұтыну мәселесін қадағалап отырған орган жоқ.
«Оны кез-келген адам қайда, қалай пайдаланса да өзі біледі. Ондай баллондар жарылып жатыр, одан уланып та жатыр. Ең сорақысы, олардың тұтыну барысын ешкім бақылап жатқан жоқ. Газ инспекциясы бар. Бірақ олардың жұмысын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Олардың не кәсіби біліктілігі жоқ, не құзыреттілігі жоқ. Олар қауіпсіздік мәселесін мүлде қамтамасыз етіп отырған жоқ. Аталмыш заңды қабылдамас бұрын осы қауіпсіздік мәселесін шешіп алу керек», – деді Ізмұхамбетов.
Депутат бұл салада білікті мамандардың тапшы екенін, тіпті алдағы бірнеше жылда осы сала бойынша қызмет көрсететін маман қалмайтынын айтады. Ол көрші Ресей елінің осы саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесін пайдалану қажет деп санайды.
«Ресей бұрынғы мемлекеттік бақылау құрылымын сақтап қалды. Соның негізінде газ тұтыну саласындағы қауіпсіздікті қадағалап отыр. Бізге де сол тәжірибені жаңғырту керек. Мен күнделікті тұтынып жүрген газ туралы айтып отырмын. Ал анау өндірістегі газ туралы айтпай-ақ қояйын. Қаншама шахта жарылды. Ал бақылау жоқ жерде ұқыпты пайдалану, энергия мен ресурстарды үнемдеу туралы ештеңе айта алмаймыз», – дейді депутат.
Ал Смышляева елде жекеменшік газ инспекциялары бар екенін, бірақ олардың лайықты деңгейде бақылау жүргізбейтінін айтты. Алдағы заңды талқылау кезінде газ инспекцияларының құзыреттілігін кеңейту бойынша мәселелер қарастырылатынын жеткізді.
«Газ инспекциясы бар. Бірақ олардың жұмысын қадағалап отырған ешкім жоқ. Сондықтан егер оларға мемлекеттік құзыреттілік берілетін болса, қауіпсіздік мәселесі шешілетін еді. Егер оларға мемлекеттік құзыреттілік беретін болсақ, оған қосымша бюджеттен қаражат бөлу қажет болады. Сондықтан бұл мәселені заңды талқылау кезінде шешуіміз керек», – деді.