Жылу желілерін жөндеуге осы жылы 93 млрд теңге жұмсалған: Шарлапаев елдің жылыту маусымына толық дайын екенін мәлімдеді

Жарияланды
жылу жүйелерін
Жылу жүйелерін жөндеуге Үкімет резервінен 24 млрд теңге бөлінген / Фото: kursiv.media

2024 жылы жылу жүйелерін жаңғыртуға жалпы 93 млрд теңге қарастырылған. Оның 69 млрд теңгесі нысаналы трансферттер болса, 24 млрд теңгесі Үкімет резервінен бөлінген. Ал табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 17 млрд теңгеге жаңғырту жүргізілген. Бұл жайлы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

«Осы жылы 161 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 93 млрд теңге қарастырылған»,- деді Шарлапаев.

Нысаналы трансферттер есебінен бөлінетін қаражатқа 104 шақырым желі жаңғыртылса, Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 57 шақырым желі жөнделеді. Ал табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары негізінде 69 шақырым жылу желісі жаңғыртылады.

Шарлапаев бұл қаражаттың сәуір айынан бастап өңірлерге бөлінгенін айтты. 93 млрд теңгенің, 72 млрд теңгесі жергілікті атқарушы органдарға аударылған. Солайша жалпы жоспардың 78%-ын әр өңірдің әкімдіктері жүзеге асырған. Министрдің айтуынша, жөндеу жұмыстары толық аяқталуға жақын.

«Қазіргі таңда 159 шақырым жылу желісі жаңғыртылды. Оның ішінде 54 жоба бойынша 135 шақырымға жылу желісі жүргізіліп, жұмыстар толық көлемде аяқталды. Ал 10 жоба бойынша 24 шақырым болатын жұмыстар аяқталуға жақын»,- дейді министр.

Сонымен бірге министр жаңғырту жұмыстары сәтті жүргізілгенін, нәтижесінде білім беру және денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлер жылыту маусымына толық дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, еліміздің бірнеше өңірінде жылыту маусымы қыркүйек айының соңында басталып кеткен болатын. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беіле бастады. Ал 1 қазаннан бастап Абай, Ақтөбе және Қарағанды ​​облыстарында жылу беріле бастады.

Алматыда да биыл жылу ерте беріледі деп жоспарланып отыр. Қалада жылу беру жұмыстары 7-11 қазан аралығында жүргізіледі. Жылытуға ең бірінші әлеуметтік маңызы бар нысандар қосылады.

Сондай-ақ оқыңыз