Қазақстанда АЭС құрылысын халықаралық консорциумның салуы қарастырылып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Оның пікірінше, алдымен ең тиімді консорциум құру қажет.
Склярдың сөзіне қарағанда, консорциум құрамында бес мемлекет кіреді. Бірақ ол осы межеден аспауы тиіс. Өйткені АЭС бір нысаннан тұрмайды.
«Стансаның құрылысына түрлі компаниялар, қосалқы мердігерлер қатысады. Бұл әлемдік тәжірибе қазірдің өзінде бар», – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Себебі ядролық құрылғыны бір ел жақсы жасаса, турбина жасауға екінші ел машықтанған. Ең жақсыларын іріктеп алу оң нәтиже береді.
Ядролық физика институтының Астана филиалы директорының орынбасары Дарын Бөрбеков мұның оңтайлы шешім болғанын айтты.
«Референдум алдында халық арасында жүрдік. Сонда кейбіреулердің АЭС-ты қытайлардың, кейбіреулері ресейліктердің салғанына қарсы екенін айтып жатты. Халықтың кейбір елдерге сенбейтіні байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық консорциум оңтайлы шешім болатын секілді. Оның үстіне, бірлестік бар жерде жауапкершілік көп болады», – Дарын Бөргеков.
Маманның айтуынша, АЭС-ты бірнеше елдің бірігіп салуы әлемдік тәжірибе кездеседі.
«ҚазАтомЭкспо» деген көрме өтті. Оған төрт вендор де келген. Халықаралық деңгейде төрт вендордың қатысуымен бір АЭС салу мәселесі туралы сауал болды. Олар мұндай мүмкіндік бар екенін айтып, ауызша келісім берген. Мәселен, француз компаниясының ұсынысы – тек өздерінікі емес. Жапония компанияларымен бірлескен ортақ ұсыныс. Қытайлық компаниялар да өзге әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге құлықты екенін айтты», – дейді Бөргеков.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумнан кейін, Қазақстанда ең озық технологиясы бар әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиіс деп мәлімдеген болатын.