Алматы қаласының прокуратурасы 2019-2023 жылдары ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатының заңды жұмсалғанын тексеріп, өрескел олқылықтарды анықтап отыр.
Айталық, 2019-2021 жылдары «Выбор» деген фильмге мемлекет 500 млн теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Бірақ бұған қарамастан, бұл фильм прокатқа шықпаған. Бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны мәлім болды.
«Кинематография туралы» заң бойынша, ұлттық фильмдерді ұйымдастыруға, өндіруге, прокатқа және көрсетуге, сондай-ақ шетелге шығаруға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Оның үстіне, бұл фильмге прокаттық куәлік те алынбапты. Бұл аталған заңның баптарына қайшы. Яғни ұлттық деп танылған фильмдерге ұлттық фильмнің куәлігі берілуі тиіс.
Осылайша, заңда қарастырылғандай, фильмнің прокаты мен көрсетуінен түсетін табыстың 20%-ы бюджетке түсуі тиіс. Бірақ мемлекет бұл қаржыдан қағылып отыр.
Бұдан бөлек, бюджеттен 421 млн теңге бөлінген «Тырналар» атты фильмде осының кебін киген.
2019 жылдан бастап фильмдерге мониторинг жасаудың бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілмеген. Бұл арқылы еліміздегі барлық кинотеатрлардағы кинокөрсетілімдер мен сатылған билеттердің және фильм бюжетінің статистикасын қадағалауға болатын еді.
Кино жобаларын іріктеген сарапшылар кеңесінің жұмысында шикілік көп. Мәселен, продюссерлер, режиссерлер, актерлер мен кинокомпания құрылтайшылары да сарапшы кеңесінің мүшесі болып алған. Содан кейін жобаларға қаржы алған. Бұл Үкіметтің 15.03.2019 жылғы №113 қаулысына қайшы.
Бұл жайтқа қатысты Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасы орынбасары және «Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығы» Басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.