Қазақстан және KAZ Minerals өндірген мыстың өзіндік құны басқа бәсекелестеріне қарағанда арзан болып шықты. Бұл MiningVisuals жариялаған кестеде анық көрінеді.
«KAZ Minerals пен Қазақстан төменгі өзіндік құнмен мыс өндіруде көш бастап тұр. Қазақстанның артықшылығы шығындарының аздығында. Литріне 0,5 доллармен арзан дизельді отын мен бір киловатт-сағаты 2,5 АҚШ центі болатын электр қуатын пайдаланады. Сонымен қатар елімізде әлемдік өлшеммен алғанда арзан білікті жұмыс күші бар», – дейді Energy monitor қоғамдық қорының басшысы, мұнай-газ саласындағы сарапшы Жұмағұлов.
2024 жылдың 23 қыркүйектегі есебіне қарағанда, KAZ Minerals компаниясы биылғы жарты жылдықта 47,5 млн тонна кен өндірген. Алдыңғы жылғы көрсеткіштен 7%-ға артық. Алайда мыс өндіру 4%-ға, яғни 191 мың тоннаға дейін қысқарған. Күміс, мырыш өндірісі де 5-6%-ға азайған. Алтын өндірісінің көлемі 3%-ға кеміген.
KAZ Minerals International DMCC Абай облысының Ақтоғай, Павлодар облысының Бозшакөл кеніштерінде ашық түрде, Шығыс Қазақстан облысының үш жерасты кеніштерінде кен өндіреді. Сондай-ақ Қырғызстанның Бозымчак мыс-алтын кенін де игеріп жатыр.
2023 жылы KAZ Minerals 403 мың тонна мыс өндірген. Ілеспе өнімдерге келсек, 162 мың унция алтын, 4 008 мың унция күміс, 51 мың тонна мырыш өндірген. Ақтоғай мен Бозшакөл үлкен өсім көрсетіп, KAZ Minerals-тың компанияға айналуына ықпал еткен.
2024 жылдың бірінші жартысында Ақтоғайда 41 995 мың тонна кен өндірілген. Былтырғы көрсеткіштен 11% артқан.
Басты акционерлері – Владимир Ким (63,5%) және Олег Новачук (36,5%). Владимир Ким әлемдегі ең бай адамдар тізіміне кіреді. Байлығы – 3,6 млрд доллар. Олег Новачуктің байлығы 265 млн доллар болып есептеледі.
Мұның алдында компанияның жарты жылдық өндірістік есебіне сүйене отырып, KAZ Minerals кен өңдеуді арттырғанымен, мыс өндірісін қысқартқаны жайында жазғанбыз.