Тарихта аты қалды – қайраткер Төлен Тоқтасынов туралы депутаттар мен үзеңгілестері пікір білдірді
Бүгін қоғам қайраткері Төлен Тоқтасынов туған өлкесі Семейде жаназасы өтті. Ол Мәжілістің екінші шақырылымының депутаты, 2001 жылы құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылтайшыларының бірі болды. Төлен Тоқтасынов ертең 62 жасқа толушы еді.
Парламент депутаттары мен үзеңгілес серіктестері Ермұрат Бапи, Айдос Сарым және Әміржан Қосанов қайраткердің тұлғасына тоқталып, оның Қазақстанның жаңа тарихында ойып тұрып орын алатынын айтты.
Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты: Қазақстанның парламентаризмі тарихында авторитаризмге қарсы шыққан ең алғашқы депутат
Төлен Тоқтасыновты жас ұрпақ көп біле бермес. Бірақ Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру жолындағы елге қызмет еткен мықты қайраткерлердің бірі болды. Парламенттің екінші шақырылымында депутат болды. Қазақстанның парламентаризмі тарихында авторитаризмге, жеке дара билікке ең алғаш рет қарсы тұрған адам. Қазақстан парламентінде еліміздегі ең ықпалды әулеттің қысастығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған алғашқы депутат болды.
Төлен Тоқтасынов секілді 2019 жылға дейін, тіпті 2022 жылға дейін парламентте елдегі авторитаризмді айыптаған тұлға болған жоқ. Рас, баспасөзде айтылды, жазылды. Бірақ билік мінберінен айтылған жоқ.
Иманғали Тасмағамбетовтің үкіметі жер сатуға рұқсат беретін заң жобасын парламентке ұсынған кезде жеті депутат қарсы шықты. Осы жетеудің бірі –Төлен Тоқтасынов еді. 1990-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында «Қазақгейт» деген шырғалаң пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Швейцариядағы шотында пара ретінде алынған 98 млн доллардың жатқаны туралы мәлімдеме жасаған үш депутаттың бірі де Төлен еді.
Осыдан-ақ оның елге шын пейілімен қызмет еткен қайраткер екенін аңғаруға болады. Біз осындай азаматтан айырылып отырмыз.
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты: «Ескі Қазақстан» туралы жұрттардың дені айта алмай отырған кезде ашық айтқан азамат еді
Төлен Тоқтасынов Қазақстанның жаңа тарихында өз орны бар, өр мінезді, жүректі, болмысы ерекше, қайраткер азамат еді. Соңғы кезде басына түскен жағдайлардан денсаулығына сызат түскен шығар.
2001 жылы Үкіметте дағдарыс болған кезде ерекше көзге түсті. Шындықты шырқыратып айтты. Бүгін көп сыналып жатқан «Ескі Қазақстан» туралы жұрттардың дені айта алмай отырған кезде ашық айтқан азамат болды. Сондықтан Төлен Тоқтасынов еліміздің жаңа тарихында ойып тұрып орын алғаны анық.
Иманды болсын! Туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Әміржан Қосан, саясаткер : «Көзсіз батырлығымен тарихта қалды деп санаймын»
Төлен Тоқтасыновпен бірге «Ескі Қазақстан» тұсында, яғни 90-шы жылдар ортасынан бастап, демократиялық күштер қатарында жүрдік.
Мен РНПК, ЖСДП партияларында, ол ҚДТ (ДВК) қатарында режиммен күрестік. Ол ұйымдардың басшыларымен тактикалық, стратегиялық мақсаттары кейде үлеспей жатса да, барша оппозицияның басын біріктірген «Әділетті Қазақстан үшін» атты ортақ қозғалыста бірге болдық. Мен сол ұйымның бас хатшысы болғанмын.
Ол шын мәнінде өз заманының батыры еді. Бүгінде билікке қарсы шығу қиын емес, керісінше, біраз ұпай жинайсың, әлеуметтік желілерде танымал боласың. Ал ол кезде билікке, соның ішінде президент Назарбаевтың үлкен күйеубаласы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бір басшысы болып отырған Рахат Әлиевке Парламент мінбесінде тұрып, қарсы шығу нағыз саяси, моральдық ерлік еді. Төлен осыны жасады! Сол көзсіз батырлығымен тарихта қалды деп санаймын.
Ол тек қана Назарбаевтың отбасымен ғана емес, тұтас жүйемен күресіп өтті. Ол да сол заман тұсында бүгіні мен ертеңі беймәлім болған, қиындық көрсе, құбыла шығатын кейбір саясаткерлерге үлкен сабақ еді. Сол принципшілдігі мен табандылығы да оны басқа қайраткерлерден ерекшелендіріп тұрды.
Төленнің бойында жасанды емес, табиғи, туа біткен қазақылық бар еді. Орысша білім алып, орысша тәрбиеленген сол демократиялық ортада ол осы қалпымен есте қалды. Ауылдан шыққаннан соң ба, білмедім, сол тұрғыдан екеуміз жақсы араластық, тіл табыстық, жақсы араластық.
Оппозиция қатарына келген қалталылар баршылық, олар көбінесе бірден өз командасын түзіп, өз дегенімен жүретін еді, өз шашбауын көтеретіндерге жақындау болатын. Төлен ондай емес еді, керісінше өз қаржысын ортақ іске жұмсап, көптің бірі боп жүретін. Басқалар сияқты саяси таққа таласпады. Ол үшін ортақ процесс маңыздырақ еді. Сондай позиция ұстанған мен үшін де сол ұстаным құнды еді. Содан болар, екеуміздің саяси көзқарасымыз бір болды.
Төлен сияқты тұлғалардың өмірден өтуі бүгінгі билікке ой салуы керек деп ойлаймын.
Бұл шоғыр Назарбаев жеке дара билеп-төстеген авторитарлық режимге ашықтан-ашық қарсы шығып, бар ғұмырын сол күреске арнады. Сол себепті теперіш көрді, қызметі мен дәулетінен айырылды. Олар бүгін өзін «Жаңа, Әділетті Қазақстан» құрушыларымыз деп атап жүрген биліктегілердің мақсат-мұраттарының негізін қалады, сол құндылықтар үшін зардап шекті. Алайда бүгінгі билік сол азаматтарды елеп, ескеріп жатыр ма? Өмірден өткені бар, арамызда жүргені бар, солар мемлекет тарапынан өз бағасын алып жатыр ма? Жоқ!
Төлен де солай кетіп жатыр.
Бірақ тарих өз дегенін істейді, саяси конъюктураны ерте ме, кеш пе, жоққа шығарады. Сол себепті Төлен Тоқтасынов секілді асыл азаматтардың есімі Қазақстанның жаңаша тарихында алтын әріппен жазылады деп санаймын!