Қазақстан егін жинайтын кезеңде алма импортына тыйым салады. Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өндірушілер осы уақытта дағдарып қалатынын, сол себепті осындай шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін автомобиль көлігімен үшінші елдерден алма әкелуді шектеуді мақұлдады.
«Фермерлер импорттық өндірушілер тарапынан демпингке ұшырауда, жоғары бәсекелесттік импорттық өнім рентабельділігін төмендетеді. Егін жинау кезінде алма импорты қатар болғанда қазақстандық бағбандар өнімді өткізуде қиындықтарға тап болады. Бұл жағдай олардың қаржылық жағдайын нашарлатады», – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.
Импорттың дені – Польша, Иран, Өзбекстан, ҚХР үлесінде. Жалпы осы жемісті Қытайдан тасымалдау 18 есе, Ираннан алып келу 7 есе ұлғайған. Содан ішкі нарықта бәсекелестік күшейген.
«Алма әкелуге тыйым салу тек егін жинау кезеңінде ғана енгізілген, бұл отандық бағбандарға жиналған өнімді сақтауға және оны қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді», – деп ескертті АШМ.
Мына жағдайларда алма импортын шектеу қарастырылмаған:
- маусымаралық кезеңде алма әкелуге;
- ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алма тасымалдауға;
- Қазақстан аумағы арқылы халықаралық алма транзитін өткізуге.
Ауыл шаруашылығы министрінің Қазақстан аумағына автомобиль көлігімен алманы әкелуге тыйым салу туралы бұйрығы 2024 жылдың 8 қазанында күшіне енді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше биыл 300 мың тонна алма жиналмақ. Импортты шектеу мәселесі 27 тамызда Үкіметте талқыланған. Сонда алма бақтарының жеміс беруі және өнімділігі 18%-ға артатыны айтылған. Бұл көлем ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.