«ТМД+ форматы», «Достастық жәрмеңкесі» – Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінде тағы не ұсынды?

Жарияланды (жаңартылды )
Президент ТМД+ форматы бойынша достастықты кеңейтуді ұсынды /akorda.kz

8 қазан күні Ресей астанасы – Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін нығайтуға мән беру керек екенін айтты. Осы отырыста Президент «Мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болуымыз керек», –деді.

– Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатқанын атап өтті. Одан кейін «ТМД +» форматы достастық шегін кеңейтуді ұсынды.

– Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, «ТМД +» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан үшін ТМД нарықтары маңызды. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде. 2023 жылы қабылданған Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісім сауда-экономикалық байланыстарды нығайта түспек. Президент Ұлы Жібек жолы сүрлеуімен халықаралық жәрмеңкені жандандыру зор септігін тигізетінін атап өтті.

– Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан «керуеншілер қаласы» деп те аталған, – деп тарихи деректі мысалға келтірді.

Қазақстан басшысы одан бұрын теміржол инфрақұрылымын  дамыту үшін Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын, Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын қабылдауды ұсынғанын, осы бойынша іс-шараларды дереу қолға алу керек екенін қаперге салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдады.

Мәскеуде өткен жиында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөйледі.  

Кеңес отырысында Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы көтерген бастамасы үшін алғыс айтты. «Менің ойымша, бұл – өте пайдалы және маңызды бастама, өйткені орыс тілі – бәріміз үшін ұлтаралық қатынас тілі», – деді Путин.

2023 жылдың қазан айында Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Қазір Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан келісімді ратификациялады.

«Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ», – деп түсіндірді Тоқаев бастама көтергеннен кейін. 

ТМД елдерінде 2023 жыл орыс тілі жылы болып жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз