Ақмола облысында заңсыз қоқыс полигоны үшін бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарлары әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Ғарыштан бақылау нәтижесінде Ақмола облысында заңсыз қоқыс полигоны анықталды. Осы себепті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 324-бабы 1-бөлігі бойынша Красный Яр және Стационарный ауылдық округтерінің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Астрахан, Егіндікөл, Аршалы, Бұланды, Біржан сал, Қорғалжын аудандары әкімдерінің орынбасарлары, Целиноград ауданы ТКШ бөлімінің лауазымды қызметкерлері де әкімшілік жазадан тыс қалмады.
Ақмола облысының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына арналған 130 жер учаскесі ресімделді. Тек 25 учаске бойынша рұқсат құжаттары бар болып шықты. Яғни табиғат қорғау прокуратурасы жалпы жер телімдерінің 19,2%-ы заңдастырылғанын анықтады. Облыс бойынша 617 елдімекен бар.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ геопорталына мониторинг жүргізу барысында 2023 жылы рұқсат етілмеген 789 учаскеге қалдық орналастырылғаны анықталып, олардың 631-і жойылды. Ғарыштан түсірілген суреттерге сәйкес 2023 жылы Көкшетау қаласындағы 96 учаскеге қалдықтар заңсыз көмілген. Соған байланысты басшылық қызметтегі шенеуніктер әкімшілік жазаға тартылды.
Алматы әкімдігі қоқысты әр жерге тастап кететін тұрғындар жазаланатынын мәлімдеді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 505-бабына сәйкес абаттандыру ережелерін бұзғандарға айыппұл төлетпек.
Ұлттық статистика мәліметі бойынша 2023 жылы қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығын көлемі 610 млрд теңгеге жетті. Ақмола облысында табиғатты қорғау ісіне ең көп қаражат – 127,7 млрд теңге жұмсалды.