Министр Шарлапаев Құрылыс кодексіне қатысты сынға жауап беруден бас тартты
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Құрылыс кодексі жобасының аудитіне қатысты айтқан сынына жауап берді.
Шарлапаев әркімнің өз пікірін айтуға құқылы екенін атап өтті. Ал өзі процесс аяқталғанға дейін ешқандай түсініктеме бермейтінін мәлім етті.
«Әр депутат өз қалауынша ойын еркін айта алады. Барлық тексеру процедурасы аяқталғанға дейін мен басқа ешқандай түсініктеме бермеймін. Ал құрметті депутат Бақытжан Жұмабекұлының пікірі өзінің жауапкершілігінде. Әркім пікір айтуға құқылы, оның ішінде депутат, ал мен оған түсініктеме беруге міндетті емеспін», – деді министр
Министр аудиторлық есептерді қараудың белгіленген процесі бар және ол аяқталғанға дейін ешқандай түсініктеме беруге ниеті жоқ екенін тағы еске салды.
«Әрине, басқаларға да бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартуды ұсынар едім, алайда депутаттың айтқаны бұл – депутаттардың айтқаны», – деп түйіндеді министр.
Осыған дейін Бақытжан Базарбек Құрылыс кодексінің жобасына 291 млн теңге негізссіз жұмсалғанын айтқан еді. Жақында өткен Мәжіліс жиынында Базарбек жаңа кодексті әзірлеуге жұмсалған 291 млн теңгені қайтарып, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды сұраған болатын. Депутат қаржы жымқырылғанына сенімді, тіпті министрдің қарамағындағыларын ақтап отырғанын айтты.
Бір топ депутат Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жүгінген. Ведомство бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануға мемлекеттік аудит жүргізіп, нәтижесін жариялады.
Мемлекеттік аудит қандай қорытынды шығарды?
Біріншіден, 2023 жылға арналған Бюджет кодексінің 41-бабының 4.2-тармағын бұза отырып, жалпы сомасы 382 млн теңгеге Құрылыс кодексін әзірлеу Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мемлекеттік міндеттер тізіміне негізсіз енгізілген. Екіншіден, министрлік бюджеттік өтінімде қамтылған мәліметтер мен есептердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етпеген. Осылайша, Бюджет кодексінің 67-бабының 12.12.1-тармағын бұзған. Бұл жалпы сомасы 291 млн теңгені құрайтын бюджет қаражатын негізсіз жоспарлауға әкеп соқты.
Сонымен қатар ол Аудит комитетiнiң материалдарын Бас прокуратураға беруді ұсынды. Бұған қоса осыған қатысы бар лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту керек деп есептейді. Сонымен қатар жалпы сомасы 291 млн теңгені құрайтын негізсіз төленген бюджет қаражатын қайтару шараларын қабылдауды сұрады.
Еске салсақ, 2023 жылы Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге бюджеттен 382,5 млн теңге бөлінген. Сол кезде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев құрылыс кодексіндегі кемшіліктерді сынға алған еді.
Кейін Президент құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынды.