Қор нарығына шолу: Рэй Далионың болжамы, Қытайдағы акциялардың құлдырауы, литий саудасына қатысты даулар
Миллиардер-инвестор Рэй Далио ФРЖ мөлшерлемелерді айтарлықтай төмендетпейді деп санайды. Қытай акцияларының өсімі бәсеңдеді. АҚШ Қытайды литий нарығында демпинг жасады деп айыптады.
Рэй Далио ФРЖ мөлшерлемелерді айтарлықтай төмендетпейді деп санайды
Миллиардер-инвестор Рэй Далио ФРЖ мөлшерлемелерді айтарлықтай төмендетпейді деп санайды. Бұл туралы Bloomberg жазды. «Қазір экономика салыстырмалы түрде жақсы жағдайда. Реттеушіге жеңілдету шараларын қабылдауда асығудың қажеті жоқ», – деді ол Гринвичтегі экономикалық форумда.
Ол АҚШ президенттігіне үміткерлер Дональд Трамп пен Камала Харристің экономикалық саясатына қатысты көзқарасын білдіріп, мемлекеттік қазынашылық облигациялар нарығына алаңдаушылық танытты. Инвестордың пікірінше, Трамптың корпорациялар үшін салықтарды төмендету және импорттық тауарларға баж салығын арттыру жоспары «америкалық нарық үшін неғұрлым оптимистік» сипатқа ие.
«Ал мемлекеттік облигацияларға келетін болсақ, бұл жерде тәуекелдер бар», дейді Далио. Мөлшерлемелер жоғары болған кезеңде облигациялар институционалдық инвесторлар портфелінің едәуір бөлігін құраған. «Геосаяси белгісіздік бұл нарыққа да проблема болып отыр. Мемлекеттер санкциялардың салдарынан облигацияларды сақтауға алаңдаушылық білдіреді».
Қытай қор нарықтарының өсуі бәсеңдеді
Қытай қор нарықтары бірнеше күндік қарқынды өсуден кейін (CSI300 индексі бес сауда сессиясында 25%-ға өскен) қайтадан құлдырады. Себебі ел үкіметінің экономиканы ынталандыру жоспарлары инвесторларға сенім ұялата алмады, деп жазды Reuters. Гонконгтың Hang Seng индексі сейсенбі күні 9,4%-ға төмендеді. Бұл 2008 жылдан бергі ең қомақты құлдырау.
Қытайға байланысты активтер де әлем бойынша сатылымға ұшырады. Аустралиялық доллар 0,5%-ға төмендеді, ал юань 10 айдағы ең қомақты құлдырауға жақындады. Еуропалық сәнді заттар өндірушілердің акциялары да төмендеді. Өйткені Қытай олардың негізгі нарығы болып саналады.
ҚХР үкіметіндегі экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы Чжэн Шаньцзе журналистерге Қытайдың 2024 жылғы экономикалық мақсаттарға жететініне толық сенімді екенін жеткізді. Әрі келесі жылдың бюджетінен инвестициялық жобалар мен жергілікті билік органдарын қолдауға 200 млрд юань (28,36 млрд доллар) бөлетінін айтты. Алайда инвесторлар шенеуніктің сөзіне сенімсіздік танытты.
«Тұрақты өсу үшін салық-бюджет саясатын қатаңдату және экономиканы, жылжымайтын мүлік нарығын қолдауға арналған ауқымды шаралар қабылдау қажет болады. Соңғы апталарда біз күшті раллиден үлкен үміт күткен едік. Бірақ енді мемлекеттік саясаттың қосымша шараларын көруіміз қажет», – дейді OCBC инвестициялық стратегиялар бойынша басқарушы директоры Васу Менон.
АҚШ Қытайды литий нарығында демпинг жасады деп айыптады
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Мемлекеттік департаментінің экономикалық өсу, энергетика және қоршаған орта мәселелері бойынша мемлекеттік хатшының орынбасары Хосе Фернандес Қытайдың «нарықта литийді молынан жеткізіп, бағаны төмендетіп, басқа елдердегі бәсекелестерін ығыстыруға тырысып жатқанын» мәлімдеді. Литий – аккумуляторлар өндіруге арналған негізгі шикізат және жасыл энергетика нарығы үшін маңызды құрамдас бөлік.
Қытайлық литий өндірушілері әлемдік нарықты толтырып, бағаның күрт құлдырауына себеп болып жатыр, деді Хосе Фернандес Португалияға сапары кезінде. «Бұл – АҚШ-тың энергетикаға 400 млрд доллардан астам ең ірі инвестициялық пакетін дайындауға Қытайдың әдейі берген жауабы. Біз бұл сектордағы бәсекелестікті біртіндеп жою жоспарын көріп отырмыз», – деді ол.
Қытай әлемдік литий химикатының шамамен үштен екісін өндіреді. Ол көбінесе аккумуляторлық технологияларда, соның ішінде электромобильдер үшін қолданылады. Кейінгі жылда бұл металдың бағасы 80%-дан астам төмендеді. Негізінен Қытайдағы артық өндіріске және электрокарларға деген сұраныстың азаюына байланысты. Бұл жағдай көптеген әлемдік литий өндірушілерін өндіріс көлемін және жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр етті.
Еуропа «жасыл» энергетикалық өтпелі кезең үшін қажетті литий мен басқа да материалдарды импорттауға тәуелділігін азайтуға ұмтылуда. Нарықтағы шикізаттың төмен бағасы АҚШ пен Еуропаның жеткізу тізбектерін әртараптандыру қабілетін шектейді. Себебі компаниялар арзан қытайлық шикізатты пайдалануға ұмтылады.
АҚШ Португалия мен Испаниядағы литий өндірушілеріне қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Португалиядағы литий қоры шамамен 60 мың тоннаға бағаланады.
«Милтон» дауылы АҚШ экономикасына 175 млрд доллар зиян келтіруі мүмкін
«Милтон» дауылы ең нашар сценариймен есептегенде АҚШ экономикасына 50 млрд доллардан 175 млрд долларға дейін шығын келтіруі мүмкін, деп жазды CNBC аналитиктердің есептеріне сілтеме жасап. «Әзірге сақтандырылған шығындарға қатысты болжам жасауға ерте. Олар миллиардтаған долларды құрауы мүмкін», – деп мәлімдеді Jefferies equity аналитигі Ярон Кинар.
Потенциалды зиянның ауқымын анықтау қиын. Ол уақыт пен географиялық орналасуына байланысты болады. Өйткені дауыл Форт-Майерске жақын орналасқан жерлерге шықса, шығын аз болуы мүмкін. «Егер «Милтон» Тампа аймағынан өтсе, ықтимал шығындар көп болуы мүмкін», – деді Кинар.
Wells Fargo қазіргі уақытта нарық 50 млрд доллардан астам шығынды ескеріп отыр. Компания шығындардың кең диапазонын – 10 млрд доллардан 100 млрд долларға дейін белгіледі. Келе жатқан дауылдың жел күші сағатына 145 мильге жетеді. Сәрсенбі күні таңертең «Милтон» Тампаға 10-15 футтық толқындар алып келуі мүмкін деп күтілуде.