Арал теңізіне биыл 2 млрд текше метр су жіберілген

Жарияланды
Арал теңізіне су толып жатыр / Фото: shutterstock.com

Арал теңізіне жыл басынан бері 2 млрд текше метр су жіберілген. Соның 977 млн текше метрі – вегетация кезеңінде жіберілген су. Бұл – кейінгі 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мамандар биыл алғаш рет Аралға су жіберу жоспары 100%-ға жуық орындалғанын айтады.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл соңына дейін тағы шамамен 500 млн текше метр су жіберу жоспарланған.

«Қазіргі кезде Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Теңізге осыған дейін вегетация кезінде секундына 7-10 текше метр су жіберілген болса, биыл секундына 60-70 текше метр су жіберілді», — деп мәлімдеді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.

Бұдан бөлек, Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн текше метр су жіберіліп, балық шаруашылығы мен туризімді дамытуға тиімді әсер етіп отыр. Мәселен, соңғы жылдары Арал теңізінің минерализациясы азайып, балықтың көбеюіне жағымды әсер еткен. Теңіз тартылғаннан бері жергілікті балықшылар жылына 400 тонна ғана балық ауласа, қазір 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулайды.

Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың да назарында.

6 шілдеде Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерін бірігіп шешуге шақырған болатын. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек екенін атап өткен еді.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Аралды құтқару қорына мемлекеттен бір тиын ақша түспегенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз