Марат Бекетаевқа қатысты сот қашан басталады / Фото: premierminister.kz
2023 жылдың күзінде ұсталған бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевқа қатысты тергеу аяқталып, қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Ал іс материалдарымен танысу уақытына шектеу қойылмаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.
«Аталған іс бойынша тергеп-тексеру амалдары аяқталды. Фигуранттар іс материалдарымен танысып жатыр. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деді ресми өкіл.
Данияр Бигайдаров тараптар іс материалдарымен танысып болған соң ғана сотқа жіберілетінін айтты.
9 қазанда Астана соты бұрынғы Әділет министрін қамауда ұстау мерзімін тағы ұзартқаны белгілі болды. Экс-министрді қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған болатын.
Кәсіби мансабында екі рет Әділет министрі болған Бекетаев былтыр қазанда қамауға алынды. Ол Қазақстаннан қашпақ болған жерінен қолға түсті. Оған «мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген айып тағылды.
Бұған дейін Бекетаевқа қатысты ешбір ақпар таратпаған мәжілісмен Ерлан Саиров экс-министр ұсталғаннан кейін, TikTok-қа шығып, оның 10 жылға созылған дау – «Стати ісіне» қатысы бар екенін мәлімдеді. Ерлан Сайыров Анатол Стати Қазақстанды сотқа бергенін, онымен соттасу үшін Марат Бекетаев фирма құрып, бюджеттің жүздеген миллион долларын жұмсағанын жариялады.
4 қыркүйекте «Стати ісінде» Қазақстан мүддесін қорғаған әрі Бекетаев және Байбекпен байланысы бар саналатын компания басшысы тергеуге алынғаны белгілі болды.
М.Бекетаев көпшіліктің есінде көлікті мас күйінде басқарғанына қарамастан жазаланбаған, отставкаға кетуден бас тартқан, қазына қаржысына қымбат қызметтік көлік сатып алуды әдетке айналдырған, Сенаттың жалпы отырысында журналистерге сұрақ қоюға шектеу енгізген және Статимен соттасқан шенеунік ретінде қалды.