Мемлекеттік арзан несие мен жоғары пайыздық мөлшерлеме. Сарапшылар банктер бизнеске неге несие бергісі келмейтінін түсіндірді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстанда бизнеске берілген несие неге төмен / Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда бизнеске несие беру көрсеткіші өте төмен. Halyk Finance сарапшыларының пайымдауынша, оған себеп – несиенің жоғары пайыздық мөлшерлесін ұстап тұруды ынталандыратын мемлекеттік саясат.

2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысына дейін Қазақстанда корпоративтік несие қарқынды өскен. Алайда дағдарыс салдарынан біраз кәсіп иелері несиесін қайтара алмай, берілген қарыз проблемалық берешекке айналды. Осы жұмыс істемейтін несиелер екі рет: дағдарыстан кейін және 2017-2019 жылдары Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында есептен шығарылды.

Ал 2021-2023 жылдары бизнеске берілген несие өсімі номиналды ЖІӨ өсімінен төмен қалыптасты.

Halyk Finance өз шолуында қазір бизнеске несие берудің өсіміне кедергі келтіріп отырған бірқатар факторды атап өтті. Олар:

  • мемлекеттік шығынның үнемі артуына байланысты жоғары қалыптасатын инфляция;
  • бизнеске берілетін несиенің ірі 5 банкте шамадан тыс шоғырлануы;
  • мемлекеттік қолдау салдарынан нарықтың бұрмалануы;
  • экономиканы әртараптандырудың төмендігі;
  • сапалы корпоративтік қарыз алушылардың тапшылығы;
  • ШОБ-тың дамымауы және жабықтығы;
  • мемлекеттік органдарда (2020-2021 жылдарға дейін) сапалы талдаудың болмауы мемлекет тарапынан ынталандыру шараларының жеткіліксіздігі.

Осы ретте сарапшылар контрциклді бюджет саясатына көшіп, Ұлттық қор қаражатын экономиканы қаржыландыруды қысқартуға шақырады. Бұлай кете берсе, мұнай бағасы күрт арзандаған кезде, елде бірден қаржылық-экономикалық дағдарыс туындауы ықтимал.

Сонымен қатар мамандар «бизнес үшін салық жеңілдіктерін шешуді азайту» және кейбір салық ставкаларын (ең алдымен ҚҚС) арттыруды, сондай-ақ жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізуді ұсынады. Бұл жалпы бюджетке қосымша 7 триллион теңге алып келуі мүмкін.

Одан бөлек, Halyk Finance сарапшылары мемлекеттік несие бағдарламарын азайту керек деп тұжырымдайды. Мемлекет базалық мөлшерлемеден арзан несие беру арқылы банктердің жеке несие бағдарламасын дамытуға кедергі келтіріп тұр. Оған қоса арзан мемлекеттік несие Ұлттық банктің ақша-несие саясатының тиімділігін төмендетеді.

Жыл басына бері экономикаға берілген несие көлемі 35,8 трлн теңгені құрады. 2024 қаңтарынан бергі өсім 3,5% болған. Бұл сомаға банктердің бизнеске берген несиесі, халықтың алған ипотекасы, МҚҰ-ның ұсынған қарызы, квазимемлекеттік ұйымдардың («Бәйтерек» ҰХБ еншілес ұйымдары) нақты секторға берген несиесі жинақталған

Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз