Жаңалықтар

Талғардағы жасөспірім өлімі: полиция қайғылы оқиға болған жердегі бейнежазбалардың жойылмағанын мәлімдеді

Бейнежазбадан скриншот: Алматы облыстық полициясы

Алматы облыстық полициясы Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары жойылмаған деп мәлімдеді. Бейнежазбалар қылмыстық іске дәлел ретінде тіркелген көрінеді.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазба полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазба зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», –делінген хабарламада.

Бейне жазбаның полиция қолында екенінің дәлелі ретінде скриншотын қоса берген.

Бұған дейін қайтыс болған Полат Шерзаттың әкесі оқиға орнынан бейнежазбалардың бәрі жойылғанын айтып, күдіктілер толық ұсталмағанын жеткізген. 7 қазан күні жасөспірімнің туған-туыстары әділ тергеуді, ашық сот жүргізуді талап етіп, көшеге шықты.

8 қазан күні полиция 9 адамның күдікті ретінде ұсталғанын мәлімдеді. Кейіннен 2 адамды куәгер ретінде танып босатқан. Алайда қайғылы оқиғаға кемі 13 адамның қатысы бар.

Бұл істі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаны өз бақылауына алған.

Полат Шерзаттың туыстары Салтанат Нүкенова атындағы қордың негізін қалаушы, құқық қорғаушы Айтбек Амангелдіден көмек сұраған. Бұл туралы құқық қорғаушының өзі хабарлады.