Доллардың теңгеге қатысты бағамы соңғы бір жарым жылда ең жоғары мәнге жетті
Елде доллар бағамы 2022 жылдың 24 наурызынан бергі ең жоғарғы мәнге жетті. Бұл соңғы 30 айдағы теңге құнсыздануының ең жоғары шегі болып отыр. Теңге бағамына әсер ететін факторлар көп және әртүрлі. Теңге бағамына әсер етуші факторлар ішкі және сыртқы экономикалық, саяси жағдайларға байланысты. Мұнай бағасы, инфляция, сауда балансы және Ұлттық банктің саясаты ең маңызды факторлар қатарында болса, геосаяси жағдайлар, рубльдің өзгеруі мен шетелдік инвестициялар да теңгенің тұрақтылығына айтарлықтай әсер етеді. Қазақстанның экономикасы мұнайға және сыртқы саудаға тәуелді болғандықтан, әлемдік нарықтардағы өзгерістер теңге бағамын қатты әсер етеді.
Доллардың құны 490-ға жетті
Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 2022 жылдың 24 наурызынан бергі ең жоғарғы мәнге жетті. Бұл соңғы 30 айдағы теңге құнсыздануының ең жоғары шегі болып отыр. Биылғы жылдың ІІІ тоқсанында АҚШ долларының орташа бағамы 1 доллар/477,65 теңге болып қалыптасса, 9 қазандағы валюта нарығында теңге 491 теңге дейін жетті.
Рубльдің құнсыздануы
Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Қазақстанның экспорты мен импортының елеулі бөлігі Ресеймен жүргізіледі. Сондықтан рубльдің бағамы Қазақстанның сыртқы саудасы мен экономикасына тікелей әсер етеді. Мысалы, егер рубльдің бағасы құлдыраса, Қазақстанның Ресейге экспорттайтын тауарлары қымбаттайды, ал Ресейден келетін импорттық тауарлар арзандайды. Бұл Қазақстанның экономикалық теңгеріміне әсер етіп, теңгенің бағамына ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі таңда Ресей рублі де құнсызданды. Соңғы 1 айда рубльдің долларға қатысты бағамы 6,91% дейін құлдырап, бір доллардың құны 97 рубльге дейін жетіп отыр. Еске сала кетейік, Мәскеу биржасына санкция салынғаннан бері рубльдің ресми бағамы Қытай валютасы юаньмен кросс-курс бағамы арқылы «USD/RUB» бағамы қалыптасады. Рубльдің құнсыздануы теңгенің құнсыздануына және қосымша қысым туғызу арқылы әсер етеді.
Мұнай бағасы
Brend маркалы мұнай бағасының құны соңғы 3 айда -9,14% дейін арзандады. Дегенмен, соңғы айда Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты құны 8,65%-ға өсіп, 78,11 долларға дейін жетті. Мұнай бағасы – ұлттық валютамызға тікелей әсер етуші индикатор. Goldman Sachs сарапшылары Таяу Шығыстағы қақтығыстар керісінше мұнайдың құнын 25% дейін қымбаттатанын айтуда.
Қазақстан мұнай экспорттаушы ел болғандықтан, мұнай сатылымынан түсетін кірістер елдің сыртқы сауда балансы мен жалпы бюджеттің маңызды бөлігін құрайды. Мұнай бағасы жоғары болған кезде елдің экспорттан түсетін табысы артады. Бұл елдің төлем балансын жақсартып, ұлттық валютаға қолдау көрсетеді. Ал мұнай бағасы төмендеген кезде экспорттық табыстар қысқарып, теңгеге қысым ұлғаяды.
Ұлттық банк валюта нарығындағы ірі ойыншы
ҰБ және Қазақстан қор биржасының мәліметі бойынша соңғы 2 жылда валюта нарығындағы әрбір бесінші операция құзырлы органға тиесілі. Соңғы айдағы ақпаратқа назар аударсақ, бас банк валюта сауда-саттығында 17,4% үлеспен ірі ойыншы (сатушы) болып отыр. Бұл өз кезегінде «жанама интервенция» ретінде теңге бағамына әсер етіп отыр деп айтуға болады.
Бюджет тапшылығы валюта бағамына да әсер етуде. Республикалық бюджеттің тапшылығы және салық түсімдерін төмендеуі ішкі қаржылық тұрақсыздыққа алып келді. Бұл өз кезегінде Республикалық бюджеттің тапшылығын толтыру мақсатында Ұлттық қордан қосымша қаржы тарту арқылы валюта нырығына үлкен әсерін тигізіп келеді. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайын трансферттер жасалады. Бұл трансферттер мұнай кірістері азайған кезде, мемлекеттік шығындарды қаржыландыру үшін қолданылады.
Айта кетейік, 1 қазандағы жағдай бойынша Ұлттық қорда 31,37 трлн теңге бар. 2024 жылдың 9 айында қордан 4 трлн теңгеден аса қаражат бюджетке трансферт жасалған.