Талғарда қайтыс болған Шерзат Болаттың туыстары полиция мен жедел жәрдем кезекшілерін жұмыстан шығаруды сұрады

Жарияланды
Шерзат Болаттың туыстарынан күдіктілердің жақындары кешірім сұрап келген / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Болаттың туыстары оқиға болған күні осы аймаққа жауап берген жедел жәрдем және полиция кезекшілерін жұмыстан шығаруды сұрады. Бұл туралы Қонаев қаласындағы тергеу амалдарына барған кезде марқұмның әпкесі Бақыт Римова KursivMedia тілшілеріне айтып берді.

Марқұмның туыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Бас прокурор Берік Асыловқа және Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленовке істі бақылауға алуды сұрады. Соттың ашық өтуін және кінәлі адамдардың жазасын алуын талап өтті.

Бұдан бөлек, Бақыт Римованың айтуынша, куәгерлер полиция мен жедел жәрдемге бірнеше рет хабарласқанның өзінде ешкім келмеген. Шерзаттың әкесі оны ауруханаға өзі алып барған.

«Осы жағдайда не жедел жәрдем, не 102 келген жоқ. Сондықтан оқиға болған күні кезекшілікте болған адамдардың барлығын қызметтен алып тастауды сұраймын», – деді Римова.

Бұл туралы KursivMedia тілшілері Алматы облысы полиция департаменті басшысының қызметін атқарушы Серік Шалқаровтан сұрады.

«Оны зерттеп көрдік. Әр автокөліктің ішінде GPS-трекерлер бар. Олардың қай жерде жүргендерін бақылап отырамыз. Бізге ең алғашқы шақырту сағат 00:40 түскен. Одан кейін тағы да 5 қоңырау түскен. Сол жердегі куәгерлер хабарласқан. Алғашқы сағат 00:40 түскен қоңыраудан кейін біздің қызметкерлер 9-10 минутта жеткен. Бұл нормаға сай», – деді Шалқаров.

Дегенмен полиция басшысы қызметтік тексерудің жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Шерзаттың туыстарының сөзінше, күдікті азаматтардың туыстары кешіріп сұрап келген. Алайда олар кешірім беруден бас тартқан.

«Кешірім сұрап келіп тұрған адам «менің жалғыз балам еді» дейді. Біз көпбалалы болғанымыз үшін балаларымызды қия береміз бе? Олар көп болса да, аз болса да, жалғыз болса да, анамыз ғой. Бұрын көшеде қызбен кетіп бара жатса тиіспейтін. Қазір ананың көзінше өлтіріп кетіп тұр», – дейді Шерзаттың әпкесі Феризат Нұрымова.

Осыған дейін оқиға орнына жедел жәрдем мен полицияны шақырған куәгермен тілдескен едік.

Сондай-ақ оқыңыз