Жаңалықтар

Талғардағы жасөспірім өлімінің куәгері жағдайды баяндап берді

Талғардағы жасөспірім өлімінің куәгері жағдайды баяндап берді / Фото: Шадияр Өстемір / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Талғар ауданында «Қамажай» дүкенінде болған қайғылы оқиға орнына полиция жедел жәрдемнен бұрын жеткен. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне полиция мен жедел жәрдемге хабарласқан оқиға куәгері айтып берді.

Оқиға куәгері қылмыстық топтан өзінің де қорқатынын айтып, аты-жөнін хабарламау туралы өтінді. Оның айтуынша, жанжал туындаған кеште ол нәрестесін ұйықтатып болып, терезеден жанжалдың туындағанын көрген.

«Мен 4-қабатта тұрамын. Кешкі сағат 11 шамасында баланы ұйықтатқаннан кейін оқ атылғанын естідім. Бірақ басында петарда болар, біреуді туған күнімен құттықтап жатқан шығар деп ойладым. Терезеден қарасам, «Қамажай» дүкенінің алдында төбелес болып, бір жігіт қаруды жоғары көтеріп алып, жүгіріп барады. Бір топ адам қайтыс болған баланы (Шерзат Болатты – ред.) сүйреп алып жүрді. Мен сол күні дүкенге кіргенде оның қызғылт-сары жемпірмен жүрген, сол кезде көргенмін. Баланы жоғары сүйреп бара жатқанда, ол «ат мені» деп айқалады. Жоғары сүйреп апарып баланы тепкілей бастады. Онда 7-8 адам болды, тағы 2-і оларға қарай жүгіріп барып, біреуі оны теуіп, екіншісі қарумен ұрды», – деді оқиға куәгері.

Оның айтуынша, жерде жатқан балаға оның анасы жүгіріп барып, баланың үстіне құлап, оны өз кеудесімен жауып алған. Жиналғандардың біреуі әйелді ұрған. Куәгер полицияға хабарласқан. Олар телефон көтермегеннен кейін жедел жәрдемге хабарласқан. 

«Жедел жәрдемнің жанында отыратын полицей болады ғой, диспетчер телефонды соған берді. Оған адресті айтып, жедел келулерін сұрадым. Олар жағдайды толық баяндауды өтінді. Мен қазір адамның өліп кететінін айттым. Содан кейін телефонды қоя салдым. Бәрі біткен кезде полиция келді. Жедел жәрдемнің келген кезін тіптен көрмедім», – дейді куәгер.

Оның айтуынша, өзге көршілері де оқиғаның куәгері болған. Дегенмен бұл туралы айтуға қорқады.

Талғар қаласының тұрғындары өңірде қылмыстық топ бар деген әңгімені бұрын да естіп келген. Жергілікті тұрғындар өз балалары үшін де қорқып отырғандарын айтады.

«Мұндай жағдайлар туралы естігенмін. Жастарды, қыздар болсын, жігіттер болсын бұлай қинауға болмайды. Қаншама адам бір балаға жабылып өлтіру деген не сұмдық! Біздің де балаларымыз бар. Қорқып отырмыз. Адамдардың айтып жатқанына қарағанда, полиция да ешнәрсе істеп отырған жоқ. Қол қусырып отырған сияқты», – дейді атын толық жазбауды сұраған Ольга есімді тұрғын.

Ол 7 қазан күні әкімдік алдындағы жиында да болғанын айтады. Сол жерде тұрғындардан «қылмыс жасаған күдіктілерді жоғарыдан біреу қорғап отыр» дегенді естігенін айтады.

KursivMedia тілшілері Талғар аудандық полиция бөлімшесіне барып, оқиғаға қатысты ақпарат сұраған. Полиция істің Қонаев қаласына жіберілгені туралы айтып, ақпарат бере алмайтындарын атап өтті.

Осыған дейін Талғардағы «Қамажай» дүкенінің алдына тұрғындардың гүл шоқтарын қойып жатқаны туралы жазған едік.