Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Флорида және Джорджия штаттарындағы қазақстандықтарға қауіпсіз жерде паналай тұруды сұрады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Флорида штатына «Милтон» дауылы жақындап келеді / фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі қазақстандықтарды соңғы 100 жылдағы ең жойқын дауыл – «Милтон» дауылының жақындауына байланысты Флорида, Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарынан қауіпсіз жерге паналай тұруға шақырды.

«Флорида билігі бірнеше аймақтарда міндетті эвакуация жариялады. Барлық тұрғындарға шұғыл хабарламаларды тыңдап, дереу эвакуациялануға дайын болу ұсынылады», – делінген елшіліктің хабарламасында.

Елшілік қазақстандықтарды жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға және төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу дипломаттармен байланысуға шақырды.

АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығының мәліметінше, бейсенбіден жұмаға қараған түні Флорида штатындағы батыс аймақтарға «Милтон» дауылы соғуы мүмкін. Сондай-ақ, Джорджия мен Оңтүстік Каролинаның жағалау аймақтары да дауыл қаупі бар.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне хабарласу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс нөмірлері: +1 202 595 6467; +1 626 251 6253.

Ақ үйдің мәліметінше «Милтон» дауылы ең жоғарғы, бесінші санатқа көтеріліп, Флорида жағалауына зиян келтіруі мүмкін. Дауылдың ортасындағы желдің жылдамдығы сағатына 270 км-ге жетті, ал кейбір жерлерде одан да қатты болуы ықтимал.

Мамандар Флоридаға келген кезде дауыл үшінші санатқа дейін төмендеуі мүмкін екенін болжады, дегенмен желдің қатты екпіні, толқындардың көтерілуі және күшті жауын-шашынның салдары өңір үшін өте қауіпті болмақ.

АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығы (NHC) Флоридада жақын сағаттарда қатты тропикалық жаңбыр мен су тасқыны болатынын ескертті.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Хелен» дауылы салдарынан 600-ге жуық адам жоғалған еді.

Табиғи апаттан қатты зардап шеккен Флорида, Джорджия, Солтүстік және Оңтүстік Каролина штаттарында, сондай-ақ Теннесси мен Вирджинияда Хелен дауылы салдарынан жалпы саны 100-ден астам адам қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз