Жаңалықтар

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Флорида және Джорджия штаттарындағы қазақстандықтарға шұғыл эвакуациялануды ескертті

Флорида штатына «Милтон» дауылы жақындап келеді / фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі қазақстандықтарды соңғы 100 жылдағы ең жойқын дауыл – «Милтон» дауылының жақындауына байланысты Флорида, Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарынан шұғыл түрде эвакуациялануға шақырды.

«Флорида билігі бірнеше аймақтарда міндетті эвакуация жариялады. Барлық тұрғындарға шұғыл хабарламаларды тыңдап, дереу эвакуациялануға дайын болу ұсынылады», – делінген елшіліктің хабарламасында.

Елшілік қазақстандықтарды жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға және төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу дипломаттармен байланысуға шақырды.

АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығының мәліметінше, бейсенбіден жұмаға қараған түні Флорида штатындағы батыс аймақтарға «Милтон» дауылы соғуы мүмкін. Сондай-ақ, Джорджия мен Оңтүстік Каролинаның жағалау аймақтары да дауыл қаупі бар.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне хабарласу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс нөмірлері: +1 202 595 6467; +1 626 251 6253.

Ақ үйдің мәліметінше «Милтон» дауылы ең жоғарғы, бесінші санатқа көтеріліп, Флорида жағалауына зиян келтіруі мүмкін. Дауылдың ортасындағы желдің жылдамдығы сағатына 270 км-ге жетті, ал кейбір жерлерде одан да қатты болуы ықтимал.

Мамандар Флоридаға келген кезде дауыл үшінші санатқа дейін төмендеуі мүмкін екенін болжады, дегенмен желдің қатты екпіні, толқындардың көтерілуі және күшті жауын-шашынның салдары өңір үшін өте қауіпті болмақ.

АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығы (NHC) Флоридада жақын сағаттарда қатты тропикалық жаңбыр мен су тасқыны болатынын ескертті.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Хелен» дауылы салдарынан 600-ге жуық адам жоғалған еді.

Табиғи апаттан қатты зардап шеккен Флорида, Джорджия, Солтүстік және Оңтүстік Каролина штаттарында, сондай-ақ Теннесси мен Вирджинияда Хелен дауылы салдарынан жалпы саны 100-ден астам адам қаза тапқан.