Жаңалықтар

Ринат Заитов ЛГБТ ұйымын экстремистерге теңеп, Қазақстанда тыйым салуды ұсынды

Ринат Заитов ЛГБТ ұйымына тыйым салуды ұсынды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов ЛГБТ ұйымын экстремистерге теңеп, Қазақстанда тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы ол премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған эмоционалды сауалында мәлімдеді.

«Бүгінгі жолданатын сауал – шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың, ащы дауысы деп түсініңіздер. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Сол жаулардың бірі – «Феминита» және ЛГБТ қауымдастығы, әлемдік деңгейдегі қатігез ұйым, ол қазақ жастарын азғындыққа итермелеп, болашағымыздың тамырын қиратуға тырысады», – деді Заитов.

Депутат «Феминита» ұйымының өткізген құрылтайы үшін ұйымдастырушыларды жазаламаған қазақстандық полицияның әрекетсіздігін айыптады. Бұл құрылтайды бүгін Қазақстан Ата-аналар одағының мүшелері бұзды.

«Мемлекет әрекетсіз болғандықтан, азғындықты насихаттайтын ұйымдар қысқа уақыт ішінде гүлденді. Енді жазаланбайтындарына сенімді азғындар «Құрылтайды» Алматыда өткіземіз деп ашық мәлімдеді. Неге ешкім осы феминисткаларды тоқтатпайды? Ұлттық құрылтайдың мәні мен маңызын бұзғандары үшін оларды кім қаржыландырып отыр және олардың түпкі мақсаты қандай?», – деп ашуланды депутат.

Депутат премьер-министрден «Феминита» қызметін шектеуді және ЛГБТ-ны насихаттауға толық тыйым салуды талап етті. Заитов бұл тыйымды «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 1-бабына сүйене отырып жүзеге асыруға болады деп санайды.

Айта кетейік, бүгін, 9 қазан күні, «Феминита» феминистік ұйымы ұйымдастырған «Лесби құрылтайы» кезінде жабық лекцияға Қазақстан Ата-аналар одағының жетекшісі Бағила Балтабаева мен алты полицей келген болатын. Балтабаева экология мен жануарларды қорғауға арналған іс-шараны тоқтатуды талап етті. Ақыры, полиция екі жақты да бөлімшеге жеткізді, онда тараптар бір-біріне арыз жазды.