Жаңалықтар

Сұйытылған мұнай газын экспорттауға салынған тыйым тағы 6 айға ұзартылмақ

Тыйым тағы 6 айға ұзартылмақ / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Елдің ішкі нарықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м. а. 2024 жылғы 2 мамырдағы №185 бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын автомобиль және теміржол арқылы шығаруға 6 ай мерзімге тыйым салынған еді.

Бүгінгі күні Энергетика министрлігі аталған шараны тағы да 6 айға ұзартуды жоспарлап отыр. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Министрліктің хабарлауынша, төмендегідей жағдайларда ғана тыйым салынбайды:

1) өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуін;

2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қарашығанақ кен орнында өндірілген қазақстандық шикізаттан жасалған (өңделген) тауарларды әкетуді;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде басталатын және аяқталатын өткізілетін транзиттік тасымалды.

Егер бұйрық жобасы қабылданатын болса, сұйытылған мұнай газын экспорттауға тыйым 2024 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай Қазақстанда сұйытылған мұнай газының тапшылығы болмайтынын мәлімдеген.