Гаджеттер

Шортистердің шабуылынан кейін, Roblox акциялары 9%-ға төмендеді

Шортистердің шабуылынан кейін, Roblox акциялары 9% төмендеді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Hindenburg Research компаниясының шортистері Roblox ойын платформасы туралы зерттеу жүргізіп есеп жариялады. Зерттеу мобильді ойын пайдаланушылар санын асыра көрсеткені және балалар қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмегенін көрсетті. Компания бұл айыптауларды жоққа шығарғанымен, зерттеу нәтижесінен кейін оның акциялары 9%-ға құлдырады.

Hindenburg Research 8 қазанда жариялаған есебінде Roblox биржаға шыққан кезінен бері пайда таппағанын, ал соңғы 12 айдағы шығындары 1,07 млрд долларды құрағанын мәлімдеді.

Hindenburg Roblox-ты 2021 жылы көпшілікке ашық компанияға айналғаннан бері күнделікті белсенді пайдаланушылар саны мен олардың белсенділік деңгейін инвесторларға асыра көрсетіп келген деп айыптайды.

«Біздің зерттеуіміз Roblox-тың инвесторлар, реттеушілер мен жарнама берушілерге платформадағы пайдаланушылар санын 25-42% және одан да көп асыра көрсеткенін дәлелдейді. Белсенділік сағаттары – тағы бір маңызды көрсеткіш – 100%-ға өсіріліп көрсетілген», – делінген Hindenburg мәлімдемесінде.

Сарапшылардың пікірінше, ойын платформасы пайдаланушылар санын дұрыс көрсетпейді, себебі бірнеше аккаунт бірдей қолданушыларға тиесілі болуы мүмкін. Robloх мәліметтері бойынша, екінші тоқсанда күнделікті белсенді пайдаланушылар саны 79,5 миллионға жеткен.

Сарапшылар сондай-ақ платформаның қауіпсіздігіне назар аударады. Есепте Roblox-тың модерация жүйесі тиімсіз екені, бұл балалардың қолайсыз мазмұн мен қауіпті мінез-құлыққа ұшырауына әкелетіні айтылған.

«Roblox Кремний алқабында өсу үшін, алдау әдісін таңдады. Инвесторларды негізгі көрсеткіштер бойынша адастырумен қатар, платформада қауіпті жыртқыштар мен балаларға арналмаған заңсыз мазмұндарға жол ашты», – делінген хабарламасында.

Алайда Robloх Hindenburg есебінде айтылған айыптауларды жоққа шығарып отыр.

«Hindenburg Research ұсынған қаржылық мәлімдемелер жалған», – деп келтіреді Roblox-тың Bloomberg-ке берген жауабында.

«Есеп авторлары шортистерлер болғандықтан, олар Roblox-тың бизнес-моделі мен нәтижелеріне қарамастан өз мүдделерін көздейді».

Компания өкілі Roblox-тың қауіпсіз және сенімді платформа екенін ескертті.

Айта кетейік, Robloх – танымал онлайн ойын платформасы. Ойынды пайдаланушы смартфонда тегін ойнай алады. Ойыншылар негізінен бұл ойынды әрекет еркіндігі үшін жақсы көреді. Мұнда шексіз еркіндік бар. Ойыншы өз картасын жасай алады, тіпті отбасын да құра алады. Егер белгілі бір карта жалықтыра бастағанда, ойыншы жаңа орынға секіре алады.

Мобильді ойындар статистикасын жариялайтын ActivePlayer.io мәліметтері бойынша ойыншылардың көпшілігі 12 жасқа дейінгі балалар (ұлдар – 51%, қыздар – 44%, тағы 5%-ы жынысын көрсетпеген), мұнда ересектер отырмайды. Күнделікті ойнаушылардың саны 66 миллионнан астам болса, ай сайын бұл көрсеткіш 214 миллионнан асады екен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Kaspi.kz-ге «шортистер» ақпараттық шабуыл жасаған еді.